Елде мектеп мұғалімдері толтыруы тиіс 25 құжат бар екен.
Оған қоса ұстаздар жұмыс істейтін 70-тен астам түрлі цифрлық платформа анықталды. Оқу-ағарту министрлігі Жолдаудан соң қағазбастылық мәселесі мен цифрлық жүйелерге қатысты жағдайды сүзгіден өткізді. Енді ұстаздар машақаты 5 есе қысқаруы мүмін. Ал онлайн сервистер біріздендіріледі.
Тикток, инстаграмдағы рилс, түрлі тренд. Бұл заман талабы екені рас. Үзілісте мұғалімді де, оқушыларды да сергітеді. Ал сынып жетекшілері күнделікті жүргізетін ватсап-чаттар, цифрлық платформалар, толтырылатын басы артық құжаттар - барлығы ұстаздың алтын уақытын алады. Бұны білім саласын басқарған Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов те растап отыр.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Құрылтайының депутаты:
- Рилс түсіру. Тіпті бізде мұғалімдер айтып жатыр ғой "біз таң атқаннан кешке шейін рилс түсірумен, инстаграм, фейсбук, тиктокқа жүктеумен айналысып кеттік" деп айтып жатыр. Олар қосымша пайда болған тиісті ақпараттық жүйелерге ақпаратты жүктеуге уақытымыз кетіп жатыр деді. Сондықтан Мемлекет басшысы осы проблеманы көре отырып, біле отырып, мұғалімдердің ең басты қорғаушысы, қамқоршысы ретінде осы тапсырманы беріп отырғаны өте маңызды.
Әр өзгеріс мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге, оның қызметіндегі артық жүктемені азайтуға бағытталуы керек. Президент өз Жолдауында оқу-ағарту саласындағы реформаларға қатысты түйткілдер көп талқыланып жүргенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұрын қағазбастылық көп еді. Енді оның орнын түрлі платформаларға, цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басып отыр. Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек.
Расымен, бүгінгі мұғалімдер сабақ беруден тыс 20-дан астам құжатты толтыруға міндетті. Бұл талап 6 жыл бұрын қабылданған бұйрықта бекітіліпті. Оқу-ағарту министрлігі сол құжатты қайта қарады. Енді ұстаздардың қаптаған қағаз жұмысын жеңілдетуге күш салынады.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Министрлік 2020 жылы 130-бұйрықпен бекітілген білім беру ұйымдарындағы педагогтар толтыруға міндетті бұйрықты зерделеді. Бүгінгі таңда педагогтарымыз 25 құжатты толтыру тізбесі бекітілген. Осыған байланысты педагогтардың жұмысын бюрократиядан арылту мақсатында министрлік бұл 25 құжат тізімін 5-ке дейін қысқартуды қарастыратын болады.
Иә, сүйінші сұрарлықтай жаңалық. Бюрократиялық рәсімдер 5 есе азаюы мүмкін. Сосын министр тағы бір мәселеге тоқталды. Кейінгі жылдары цифрлық жүйелер көбейіп кеткен. Қарағанды, Абай облыстары мен Алматы қаласында мұғалімдер 15 цифрлық платформаны қолданады. Енді олардың тиімділігіне инвентаризация жүргізілді.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Бүгінгі таңда анықтап отырғанымыздай, өңірлерде 70-тен астам әртүрлі цифрлық жүйелер және сервистер пайдаланылады. Бұны ұстаздарымыз толтырады. Бір өңірде орта есеппен 10 жүйе. Осыған байланысты министрлік бірыңғай цифрлық архитектураны қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуді бастады.
Ұстаздың миссиясы мәлім – ол мектеп табалдырығын аттаған шақтан баланы білім әлеміне жетектеп, бойына тағылымды құндылықтарды сіңіру. Осындай маңызды міндетті арқалаған ұстаздардың абырой-беделін қорғау жайы Президенттің әр Жолдауында назарсыз қалмай келеді.
Айгүл Жүнісбекова, С. Сейфуллин атындағы 80 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары:
- Білімге біз мемлекет тұрғысынан үлкен инвестиция салынып жатқанын жыл сайын көріп отырмыз. Ұстаз ретінде біз шәкірттерге сапалы білім және біліммен бірге тәрбие беруіміз керек. Ол «Адал азамат» идеологиясын жүзеге асыруымыз қажет. Әрбір ұстаз Жолдауды тыңдағаннан кейін тек қана шәкірт тәрбиелеп отырған жоқ, ол Қазақстан еліміздің болашағын тәрбиелеп отыр.
Сонымен оқу-ағарту саласындағы реформа жалғасады. Маңызды нормалар уақыт сұранысына сай жаңартылады. Оны іске асыру тетіктері Құрылтай әзірлеген заңда көрініс табады.
Авторлары Рухани Әбдірахман, Ырыстанбек Оспанов
Тегтер #жолдау 2026 #Таңдаулы #ұстаз #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz