RU
Толық нұсқаға өту

Қарағанды облысында құтқарушыларға 12 жаңа көлік берілді

31.10.2026, 17:15 32

Қарағанды облысында қыс мезгіліне жолдарды қардан тазарту, жолаушыларды эвакуациялау және құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 1 мың 200-ден астам техника дайындалды, деп хабарлайды 24KZ.

Оның ішінде 61 жоғары өтімді көлік бар. Олар аса күрделі учаскелерде жұмыс істеуге арналған. Сондай-ақ апаттар медицинасы орталығының мамандары да арнайы көлікпен, қажетті құрал-жабдықпен қамтылды.

Апаттар медицинасы орталығының фельдшері Айдын Жұмабеков – талай адамды ажалдан арашалауға атсалысты. Түркияда болған жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсетуге барған қазақстандық құтқарушылардың қатарында мол тәжірибе жинады. Наурыз айында Астана – Қарағанды тасжолында боранды күні бірнеше көлік соқтығысқан жол апатынан зардап шеккен адамды да аман алып қалды.

Айдын Жұмабеков, Апаттар медицинасы орталығының фельдшері:

– Бірнеше автокөліктің соқтығысуы орын алып, сол жерде зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетіп, ауруханаға жеткіздік. Денсаулығы өте ауыр жағдайда болды. Себебі қысылып қалған және де екі сағат аязда далада жатып қалған.

Биыл Қарағанды облысының құтқарушыларына қысқы күрделі жағдайларда жедел әрекет ету үшін 12 жаңа автокөлік берілді. Олардың бірқатары спутниктік интернетпен жабдықталған. Бұл шалғай аймақтарда да байланыста болуға мүмкіндік береді. Қысқы маусымдағы құтқару жұмыстарына жалпы саны 3500-дей адам жұмылдырылады. Қар басу қаупі жоғары жол учаскелері ерекше бақылауда ұстамақ.

Нұржан Жақатаев, Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:

– Қыс мезгілінде жалпы ұзындығы 690 шақырымды құрайтын 525 аса қауіпті учаскелер бақылауға алынды. Сонымен қоса төтенше жағдай департаментінде 61 бірлік жоғары өтімді техника дайындалды.

Қарағанды облысында қыс мезгіліне дайындық аясында барлығы 1 268 техника әзірленді. Оның ішінде қар тазалайтын, инженерлік және эвакуациялық машиналар бар. Өңірдегі жолдардың бойындағы елді мекендерде 197 жылыту пункті белгіленді. Бұл орындарда бір мезгілде 36 мың адам уақытша паналай алады.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz