Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері елордаға мың тоннадан астам өнім әкелді, деп хабарлайды 24KZ.
Оның ішінде 250 тонна ет пен шұжық, 5 тонна балық, 80 тонна сүт өнімі, 375 тоннадан астам картоп пен көгөніс сияқты жалпы саны 50-ден астам тауар түрі бар. Жәрмеңкеге Ақмола облысының 17 ауданы, Көкшетау, Қосшы және Степногор қалалары қатысты.
Ақмола облысы елорданың азық-түлік белдеуін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Өңір бас қаланың сүт өнімдеріне қажеттілігінің шамамен 40%-ын, ет өнімдеріне қажеттіліктің 30%-ын жабады. Аграрлық аймақ күзгі жәрмеңкеге «Родина», «Бижан», «Қазгер» секілді ондаған жетекші кәсіпорнын алып келді. Облыс отандық өнім өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы тікелей байланыс тізбегін одан әрі нығайтады.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
– Ақмола енді Астананың ғана емес, еліміздің азық-түлік белдеуі деп айтуға болады, сүт-тауарлық фермалар, ет фермалары бой көтеріп келе жатыр. Ақмола облысы ауыл шаруашылығының, егіннің 30%-ын береді. Бізге қойылып жатқан талап – жаңа озық технологиялармен, агромәдениетмен осы өнімді ұлғайтып, сапалы, таза өніммен қамту.
Жәрмеңкеге қалада сұранысы жоғары өнімдер әкелініп, нарықтағы орташа бағадан 10-15%-ға арзанырақ сатылды. Себебі азық-түлік жергілікті өндірушілерден тікелей жеткізілді.
Эльвира Мұқашева, «Буратта» ЖК өкілі:
– Ірімшіктер таза қаймағы алынбаған сүттен дайындалады. Ешқандай қоспасыз өзіміз өндіреміз. Сапасына кепілдік береміз. Халық дәмін көріп, риза болып жатыр.
Тұрғындар құнарлы ет, жаңа ауланған балық, табиғи таза әрі сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін алу үшін жәрмеңкеге асыға келді. Ақмолалық өндірушілер жалпы көлемі 1 мың тоннадан аса өнім ұсынды.
Авторлары: Рухани Әбдірахман, Бағдат Қайыркен.
Тегтер #24KZ #Ақмола облысы #елорда #жәрмеңке #Дала дәмі #жарнама #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz