Алматыда Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің қатысуымен жәрмеңке өтіп жатыр. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ден астам шебер жиналды, деп хабарлайды 24KZ.
Қолөнершілер киізден, былғарыдан, ағаштан және темірден жасаған бұйымдарын ұсынды. Жәрмеңкеде дәстүрлі өнер мен заманауи дизайн үйлесім тапты.
Жәрмеңкеге келген қолөнершілердің бірі – Мадина Рысбаева. Ол қыш өнерін серік еткен шебер. Бұл қасиет оған әкесінен дарыған. Ол да – құмыра жасаған ұста. Бүгінде Мадина сазды илеп, көне бұйымдарға жаңа тыныс береді. Ол Отырарда табылған құмыраларды жаңғыртып, балбал тас сырын көпшілікке жеткізіп жүр. Ұлттық аспап жасаудан да алдына жан салмайды.
Мадина Рысбаева, қолөнер шебері:
– Бұл – қыштан жасалған сазсырнай. Бұл – үлкен оркестрлерде ойнатылатын аспап. Саздан, қыштан жасалынады. Бұл деген 390 градуста күйдіріледі. Жасалу техникасы әртүрлі. Бұлар әртүрлі оюлармен өрнектелінеді. Әр оюдың өзінің мағынасы бар.
Келушілерге тек дайын дүниелер ғана ұсынылған жоқ. Шеберлер көпшілік алдында өнерлерін паш етті. Әсіресе ұлттық әшекейді көне түртпе әдісімен жасаған ұста Гүлім Болатбекова көпшілік назарын аударды. Ол да бұл өнерін әкесінен үйреніпті. Әкесі танымал шебер Дәркембай Шоқпарұлының шәкірті екен.
Гүлім Ботабекова, қолөнерші:
– Негізгі мақсатымыз осы біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан, салтты өлтірмеу, жоғалтау. Оны өзіміздің келешек ұрпағымызға әдемілеп, осы біздің аталарымыз қалай жеткізді, сол қалыпында ұрпағымызға жеткізу.
Жәрмеңкеге Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің өкілдері арнайы келіп қатысты. Бұл ұйым 1964 жылы құрылған екен. Бүгінде құрамына 80-ге жуық ел кіреді. Мамандардың айтуынша, мұндай іс шаралар елдер арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Гузым Каримова, Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің ресми өкілі /Ресей/:
– Біз үшін тек тәжірибе алмасу емес, идея алмасу да маңызды. Сол арқылы шеберлер бір-бірінің жұмыстарынан шабыт алады. Осындай іс шаралардың арқасында қолөнершілер арасындағы байланыс артады.
Қазақстанда халықтық қолөнер креативті индустрияның маңызды саласына айналып келеді. Ресми мәлімет бойынша бұл бағытта 12 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Қолөнершілер жәрмеңкесі екі күнге жоспарланып отыр.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Мұхит Құдықбаев
Тегтер #24KZ #қолөнер #жәрмеңке #АлматыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz