Қызылорда облысындағы Нартай, Жиделіарық және Алғабас ауылының тұрғындары малын өріске шығара алмай отыр. Себебі төрт түлікті суаратын жер жоқ. Аудандағы су арналары бірнеше айдан бері құрғап тұр, деп хабарлайды 24KZ.
Ауыл халқының айтуынша, кейінгі жылдары су тапшылығы жиілеп кетті.
Өңірде егін жинау науқаны аяқталды. Енді егістік алқабына төрт түлік еркін жайылады. Бірақ өрісте мал суаратын су жоқ. Аудандағы «Жаңа Шиелі» магистральды су арнасы қыркүйекте жабылған. Содан бері ішкі су арналары да құрғап жатыр. Нартай, Жиделіарық және Алғабас ауылының тұрғындары бұл мәселе соңғы екі жылдан бері қайталанып отырғанын айтады.
Мырзабек Исаев, Жиделіарық ауылының тұрғыны:
– Қыркүйек айы болмай жатып суды жауып тастады. Былтыр көктемге дейін су болған жоқ. Биыл да сол жағдай қайталанып, қыркүйек айында суды жапты. Содан бері әлі су жоқ. Мал өрістен ауып кетті. Өрісте бұрынғыдай су болмаған соң, су бар жерге қарай көшіп кетті.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
– Жиделіарық ауылының төрт түлігі бүгінгі күнге дейін дәл осы құдықтан су ішіп келді. «Алайда соңғы күндері мұндағы су деңгейі төмендеп, тартылып бара жатыр», – дейді тұрғындар. Алдағы уақытта бұл тіршілік нәрінен де айрылып қаламыз ба деп алаңдайды.
Әлімхан Әшіров, Жиделіарық ауылының тұрғыны:
– Су да тартылып, қазір мал батпаққа батып жатыр. Айналаның бәрі батпақ болып кетті. Каналда су болмаса, жағдай осылай болады. Сусыз тіршілік жоқ. Осы мәселенің салдарынан құдықтағы су деңгейі де төмендеп барады.
Су тапшылығына қатысты «Қазсушар» мекемесі өкілінің айтуынша, аудандағы су арналары «Жаңа Шиелі» магистральды каналы арқылы сумен қамтылады. Алайда қазір бұл арна бойына цифрлы гидроқондырғылар орнатылып жатыр. Соған байланысты су беру уақытша тоқтатылған.
Айдос Асанбаев, «Қазсушар» РМК филиалы директорының орынбасары:
– Біз қазір суды уақытша тоқтатып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өйткені каналдың табанына бетон құю жұмыстары атқарылуда. Сондықтан ауа райының қолайлы кезеңін пайдаланып, жұмысты аяқтап алуымыз керек. Жұмыстар аяқталғаннан кейін желтоқсан айында суды қайта жіберіп, экологиялық мақсатта су беру жоспарланып отыр. «Жаңа Шиелі» магистральды каналы ашылған соң, барлық ішкі каналдарға су беріледі.
Мамандардың айтуынша, магистральды су арнасының бойындағы 8 бекетке заманауи су өлшеу қондырғысы орнатылады. Бұл жаңа технология суды қолмен емес, электронды түрде есептеп, кез келген уақытта нақты мәлімет алуға мүмкіндік береді. Жалпы өңірде келесі егін науқаны басталғанға дейін 100 шақырымға жуық су арнасын тазалау жоспарланып отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев
Тегтер #24KZ #Қызылорда облысы #су арналары #су тапшылығы #егістік #егін жинауPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz