RU
Толық нұсқаға өту

Биыл Шымкентте 213 егіз және төрт үшем дүниеге келді

01.11.2026, 18:30 47

Осылайша, мегаполис елдегі туу көрсеткіші бойынша үздік төрттікті түйіндеді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы хабарлады. Өңірде жыл басынан бері 20 мыңнан астам бала өмірге келді. Ана мен балаға сапалы медициналық көмек көрсету үшін Президент тапсырмасымен 200 орындық жаңа перинаталдық орталық салынып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Жеті баланың анасы үшем дүниеге әкелді. 36 жастағы Ажар Ташқараеваның ұл-қыздарына Альсия, Сафия және Аймұхаммед есімдері берілді. Сәбилердің салмағы екі келі шамасында. Қуанышқа кенелген отбасы мүшелері дәрігерлерге алғысын білдіріп, үйіне шықты. Айта кетейік, көпбалалы ана бұған дейін екі рет егіз босанған.

Ажар Ташқараева, көпбалалы ана:

– Шынымды айтсам үшем босанамын деп ойлаған жоқпын. Өзім естіген кезде таңғалдым, қуандым, жыладым. Енді көпбалалы ана болдым. Үлкен жауапкершілік бар. Соларды өсіріп, оқытып, жеткізсек. Алда жоспарымыз өте көп.

Шымкенттегі перзентханаларда ана мен бала өлімі азайды. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қайғылы жағдайлар көрсеткіші 23,6% төмендеген. Оң өзгеріске жүкті әйелдердің диагностикалық тексерулерден өтіп, денсаулығын бақылауда ұстауы әсер етеді. Сонымен қатар шала туған шақалақтарға арнайы медициналық көмек көрсетіледі.

Инна Глазебная, Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазір Шымкентте босануға жағдай жасайтын төрт бірдей ұйымы жұмыс істейді. Оның үшеуі – үшінші деңгейде. Қалалық перинаталдық орталық, қалалық перзентхана және № 2 қалалық аурухананың босану бөлімі. Ал біреуі – екінші деңгейдегі ұйым, яғни № 3 қалалық аурухананың босану бөлімі. Жалпы бұл ұйымдарға түсетін салмақ пен жүктеме шамалас.

Медициналық инфрақұрылымды дамыту – Жолдау жүктеген міндеттердің бірі. Демографиялық өсімі жоғары өңірде Президент тапсырмасына орай тағы бір перинаталдық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Жаңа кешен халықаралық стандарттарға сай болуы үшін арнайы зертханалық-диагностикалық бөлімшемен қамтылады. 200 төсек-орынға арналған озық үлгідегі орталық ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Жеткербаев, «Integra Construction» құрылыс компаниясының учаске басшысы:

– Монолиттік жұмыстарды осы жылдың аяғына дейін толығымен 100% аяқтаймыз. Сыртқы инженерлік жүйелерді ді аяқтау жоспарымызда бар. Жұмыс барысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Мерзімінен кешікпей келе жатырмыз. 2027 жылдың төртінші тоқсанда тапсыруды жоспарлап отырмыз.

Биыл өңірде 20 мыңнан астам бала дүниеге келді. Оның 213-і егіздер болса, тағы төрт мәрте үшем тіркелді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес балалар мен жасөспірімдердің үлесі артып, халықтың 40%-ін қамтыды. Ал Президент тапсырмасымен медициналық инфрақұрылымды дамыту үшін ел аумағында 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz