RU
Толық нұсқаға өту

Астанада ескі кітаптар орталығы мәдени кездесулер алаңына айналған

01.11.2026, 21:00 34

Астанада кітапқұмар жандар жиі бас қосатын ерекше орын бар. Мұнда бала күннен таныс шығармалардан бастап, сирек кездесетін көне басылымдарға дейін табуға болады. Қазір бұл мекен мәдени кездесулер алаңына айналған, деп хабарлайды 24KZ.

Дана Килібаева, тілші:

– 90-шы жылдардағы пәтер, ескі кітаптардың иісі, винил әуені және екі мысық. Бір қарағанда біреудің үйіне келгендейсіз. Бірақ бұл – Астанадағы кітап пен мәдениет тоғысқан кеңістік.

Кітапашар жобасын үш жылдан бері Арайлым Қадыр дамытып келеді. Бүгінде мұнда 5 мыңнан астам басылым бар. Ескі әдебиет пен тарихты сақтап, қайта айналымға енгізетін орталықта олардың бағасы 100 теңгеден басталады. Ал кейбірінің жолы тіпті шетелге дейін жеткен. Мәселен, мұнда сатылымға қойылған «Қазақ мақал-мәтелдері» жинағын Токио ұлттық кітапханасы сатып алған.

Арайлым Қадыр, «Кітапашар» жобасының негізін қалаушы:

- Кітапашардың жалпы бірнеше мақсаты бар. Ол ескі кітаптарды сақтау болғанымен, одан бөлек біз саналы, ойлы, білімді адамдардың көбірек болғанын қалаймыз. Миың шынығу үшін сен кітаптарды көбірек оқуың керек. Біздің әдемі интерьеріміз, әртүрлі іс-шараларымыз адамдарды, әсіресе жастарды, кітаптарды көбірек оқуға баулиды.

Бұл жерге екі жылдан астам уақыттан бері келіп жүрген оқырмандардың бірі – Жанерке. Оның айтуынша, мұнда сирек басылымдарды тауып қана қоймай, шығармашылық қырын да ашуға болады. Бүгін ол түрлі қағаздан коллаж жасап жатыр. Ал мұндай кездесулерде әр жолы жаңа бағыт ұсынылып, қатысушылар өздерін түрлі қырынан сынап көреді. Бірде шығармашылық шеберлік сағаты өтсе, енді бірде поэзия кеші, концерт немесе кино көрсетілімі ұйымдастырылады.

Жанерке Орымбек, қала тұрғыны:

– Сатылымда жоқ сондай кітаптарды іздеп келген ұнайды. Бір жауһарларды тауып қаласың арасында. Және шығармашылық өзімнің жағымды көрсетуге, ашуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, оқырмандар өз кітаптарын да осында тапсырып, оларға екінші өмір сыйлай алады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz