RU
Толық нұсқаға өту

Ауыл кәсіпкерлері маркетплейске қосылады

02.11.2026, 07:05 46

Жергілікті шаруашылықтарды дамыту үшін алдымен онлайн сауданы алға оздыру қажет. Президент Жолдауы аясында тиісті министрлік ауыл кәсіпкерлерінің цифрлық сауатын арттырмақ. Ал Құрылтай микро және шағын орта бизнеске мораторий енгізу тетіктерін пысықтайды. 

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Маркетплейстер тұрақты сауда-саттық құралына айналды. Сала мамандарының айтуынша, елде 20-дан астам цифрлық платформа арқылы 500 мыңнан астам адам табыс тауып отыр. Алдағы уақытта онлайн сауда алаңдарына шалғайдағы ауыл кәсіпкерлері де тартылады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі тиісті шаралар легін атап өтті.

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

- Бірінші - ауыл кәсіпкерлерін қолданыстағы маркетплейстерге қосып, өнім өткізу нарығын кеңейту. Екінші - тапсырыстарды қабылдау және беру пунктері желісін дамыту, тауарды шалғай ауылдарға да жеткізуді ұйымдастыру. Үшінші - халықты электронды коммерцияға, цифрлық платформалар мен ЖИ құралдарын пайдалануға оқыту. Осы бағыттарда пилоттық жобаларды іске асыру жоспарланған.

Кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламалар, маркетплейстер, банктер мен логистикаға қатысты цифрлық сервистер бір арнаға тоғысады. Жолдау жүктеген тағы бір маңызды міндет – микро және шағын бизнесті тексеруге үшжылдық мораторий енгізу. Бұл қадам саланы реттеудің цифрлық моделіне көшуге арналған стратегиялық үзіліс ретінде қарастырылады. Құрылтай депутаттары Үкіметпен бірге мораторийді келер жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу тетігін талқылайды.

Арайлым Алтынбекқызы, кәсіпкер:

- Мораторий берілетін болса, ол бизнеске үлкен көмек. Бизнесте жүрген адамдар, екі ойда жүрген адамдар, енді бастағандар еркін жұмыс жасайды. Ештеңеден қорықпайды. Өзінің ақшасын қайда салу керек екенін, құрал-жабдық десе, құрал-жабдық, ғимарат десе, ғимарат ала алады.

Бекжан Айтқұлов, ҚР Құрылтайының депутаты:

- СЭС, өрт қауіпсіздігі және салық органдары тарапынан ескерту немесе талаптар қойылуы мүмкін. Біз оларды алдын ала тексере алмауымыз мүмкін, алайда бұл мәселелер болашақта бізге кері әсерін тигізуі ықтимал. Алайда мен ойлаймын, өзіне адал, жауапты кәсіпорындар ол органдар тексермей тұрып та алдын ала жұмыстар жасайды деп есептеймін. Себебі Мемлекет басшысы да айтты, адал қызмет ету керек.

Үкімет орта бизнесті дамыту жөнінде арнайы жоспар әзірлейді. Құжатта кәсіпорындарды ұзақмерзімді каржыландыру және технологиялық жаңғырту тетіктері көрсетілуі керек. Сондай-ақ орта бизнес өкілдері өз өнімдерін ірі кәсіпорындарға тұрақты өткізуіне жағдай жасалуға тиіс.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Артур Горшняков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz