Ақмола облысында биыл 100-ге жас маман өз қызметін ауылдан бастады. Оларға мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жан жақты қолдау көрсетілген.
Атап айтсақ, тек баспана алуға 838 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, 257 миллион теңге көлеміндегі бір реттік көтермеақы тағы бар. Игілікті бағдарлама аймақтағы кадр тапшылығын шешуге ықпал етіп отыр.
Жас педагог Ботагөз Жанасқызының қызметке кіріскеніне бір жылдан асқан. Ол - Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің түлегі. Оқуын тәмамдаған соң бірден бағдарлама бойынша өзі туған Бұланды ауданына Қараөзек ауылына келеді. Жас маманның тұрғылықты баспанасы болғасын, ол тек 430 мың теңге көлемінде көтерме ақы ғана алған.
Ботагөз Жанасқызы, мұғалім:
- Ауыл мен қаланың арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Бүкіл мектептерде жағдай жақсы жасалған болатын. Кабинеттер заманауи технологиялардың барлығы қарастырылған. Жалпы жастарға осы ауылға келіп, жұмыс жасауға ақыл-кеңес берер едім. Себебі осы жерде де жұмыс жасау, тәжірибе алмасу өте тиімдірек болып табылады.
Қазір Қараөзек ауылындағы білім ошағында 37 мұғалім жұмыс істейді. Соның 15-і «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында келген.
Қалимаш Дайырова, мектеп директоры:
- Біздің мектепте сондай кадр тапшылығы жоқ. Өйткені балалар жастарымыз мақсатты түрде осы мектепке қайтып келеді. Ең бірінші тиімділігі – Үкімет тарапынан қолдау. Жастар алдымен көтермеақы алады. Екінші үй алады. Ол өте төмен пайызбен. Одан қалды коммуналдық көмек беріледі.
Мемлекеттік қолдаудың игілігін көргендер қатары жыл санап артып келеді. Мәселен, былтыр аймаққа 149 жас маман келген. Ал биыл бағдарлама аясында 235 адамды қолдау көзделіп отыр.
Ерлан Нұрмағанбетов, облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы:
- Биыл ережеге өзгерістер енгізілді. Тізімге қосымша мамандықтар қосылды. Цифрлық технологиялар және мұрағат саланың мамандары. Осы өзгерістер келер іске енгізілетін болады. Биыл 2026 жылы 2,2 млрд теңгеге 235 кредит қарастырылған. Оның 100-ге жуығы берілді. Қалғаны жылдың аяғына дейін берілетін болады.
Облыста «Дипломмен ауылға» бағдарламасы басталғалы бері 9 мыңға жуық жас маманға қолдау көрсетілген. Соның тең жартысы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Оған қазынадан 14 миллиардтан астам теңге бөлінді. Бүгінде әр саладағы осы маманның барлығы аянбай тер төгіп, өз тәжірбиелерін толықтырып жүр.
Авторы: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный
Тегтер #диплом #жас маман #Дипломмен ауылға #Ақмола облысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz