RU
Толық нұсқаға өту
фото: gov.kz

Ұлттық ұлан сарбаздары командирлерге анонимді өтініш жолдай алады

02.11.2026, 11:58 46

Қазақстан Ұлттық ұланында әскери қызметшілер мен қолбасшылық арасындағы байланысты нығайту үшін ULAN SENIM цифрлық жүйесі енгізіліп жатыр. Платформа арқылы сарбаздар QR-кодты сканерлеп, командирлерге анонимді түрде өтініш немесе ұсыныс жолдай алады. Қазір жоба Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімінде сынақтан өткізіліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Жоба Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген цифрлық трансформация міндеттерін іске асыру аясында әзірленген. ULAN SENIM жүйесі қазақстандық Aitu мессенджері негізінде жасалған. Оны пайдалану үшін әскери қызметші арнайы QR-кодты смартфонмен сканерлеп, қосымшаға кіреді. Одан кейін өтініш санатын таңдап, мәселенің мән-жайын жазып, қолбасшылыққа жібере алады.

Жүйеге түскен әр өтінішке бірегей нөмір беріледі. Содан кейін ол тиісті шара қабылдау үшін командирге жолданады. Өтінішті қарауға үш күн уақыт бөлінген. Әскери қызметші өтінішінің мәртебесін бақылап, бұрын жіберген хабарламаларының тарихын да көре алады.

Платформа арқылы әскери қызметтің бірнеше бағыты бойынша мәселе көтеруге болады. Олардың қатарында заңдылықтың сақталуы, сыбайлас жемқорлық пен лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланудың алдын алу, әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай мен материалдық қамтамасыз ету мәселелері бар. Бұдан бөлек, сарбаздар қызметтік міндеттерді орындау кезінде туындаған қиындықтар мен әскери ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал туралы да хабарлай алады.

Сондай-ақ жүйе жеке құрамның ұсыныстарын қабылдауға мүмкіндік береді. Мысалы, әскери қызметші күн тәртібіне өзгеріс енгізуді, демалыс күндерін ұйымдастыруды жақсартуды немесе сарбаздар асханасындағы мәзірді жаңартуды ұсына алады. Осылайша қолбасшылық жеке құрамның пікірін ескеріп, күнделікті қызмет барысында туындайтын мәселелерге назар аударады.

Ал командирлер мен қолбасшылық құрам үшін жүйеде жеке кабинет қарастырылған. Ол арқылы келіп түскен өтініштерді тіркеу, олардың қаралу барысы мен қабылданған шаралардың орындалуын бақылауға болады.

ULAN SENIM жүйесін енгізу «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған. Өтініштерді анонимді түрде жолдау, әрқайсысына жеке нөмір беру және қаралу мерзімін белгілеу әскери ортадағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл сарбаздар мен қолбасшылық арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді.

Қазіргі уақытта платформа 6654 әскери бөлімінде сынақтан өтіп жатыр. Бұл кезеңде өтініштерді жолдау, тіркеу және қарау, сондай-ақ олардың орындалуын бақылау тетіктері тексеріліп, жетілдірілуде. Сынақ барысында анықталған кемшіліктер түзетілгеннен кейін жүйені Ұлттық ұланның барлық әскери бөліміне енгізу мүмкіндігі қарастырылады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz