RU
Толық нұсқаға өту

Алимент төлемей жүрген ата-анамен күрес күшейді

02.11.2026, 19:39 45

Қазақстанда алимент төлемей жүрген ата-анамен күрес күшейді, деп хабарлайды 24KZ.

Енді олардың такси, куръерлік және казино мен букмекерлік кеңселердегі табысы тексеріледі. Бұл шара жауапкершіліктен жалтаратындарды тезге сала ма? Бауыр еті баласын асыраудан ат тонын ала қашатындар тағы қандай жазаға тартылады?

Биыл елде алимент төлеуден жалтарғандарға қатысты 991 қылмыстық іс тіркелді. Көңіл көншітпейтін статистика. Өкініштісі сол, бауыр еті баласын асырағысы келмейтін ата-ана қатары артпаса, кеміген емес. Мемлекет күрес шараларын жылдан жылға күшейтіп келеді. Жуырда оларды тезге салудың тағы бір тетігі іске қосылды. Бұдан былай ұл-қызының алдында қарызы бар азаматтардың такси және куръерлік қызметтерден түскен табысы да тексеріледі. 

Дәурен Дидарбеков, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары:

- Яндекс, онлайн казино бар, соларға қағаз жүзінде жіберіліп отыратын. Қазіргі таңда республикалық палата мен Әділет министрлігі осы жұмыс автоматтандырылып жатыр. Егер бұл іске асатын болса, жеке сот орындаушыларының жұмысын әлдеқайда оңайлатып, алимент бойынша өзге де табыс көздерін анықтауға, алимент төлемей жалтарып жүрген борышкерлерден өндіруге жақсы бір бастама. 

Қазір алимент өндіру бойынша сот орындаушылары мемлекеттік орган, банк және еңбек шарттарын есепке алу жүйесімен қоян-қолтық жұмыс істейді. Осылайша борышкердің ресми жұмыс орыны мен жұмыс беруші туралы толық ақпарат алады. Бұл қатарға енді өзін өзі қамтыған азаматтар еңбек ететін жолаушы тасымалы, жеткізу қызметтерінің онлайн платформалары қосылды. Сондай-ақ мұндай сұраулар букмекерлерік кеңселер мен казиноларға да жіберіледі. 

Арыс Данағатов, заңгер:  

- Адам бір жұмысқа орналасам десе, ең аз жалақы 85 мың қоймауы керек, шын мәнінде ол 400 мың алса. Қалғанын қолма-қол төлеймін десе, ондайға жол бермеу керек. Қазір мемлекет вакансияларды тек еңбек кз порталы арқылы тіркеуді міндеттеп жатыр. Егер ол порталға тіркемесе, жұмыс берушіге айыппұл көзделген. Бұдан барлық көрінбейтен жалақы, қолма-қол жалақы сыртқа шығады. 

Егер алиментті үш ай бойы өндіру мүмкін болмаса, мәжбүрлеу шарасы қолданылады. Тіпті борышкердің мүлкін тәркілеу де заң аясында қарастырылған. Бір ғана елорданың өзінде бес жарым мың борышкер бас-аяғы 26 млрд теңге табысын жасырғаны белгілі болды. 

Динара Тукеева, Астана қалалық прокуратурасының ресми өкілі:

- Жаңа тәсілдің арқасында прокурорлар жалпы құны 2 млрд теңге болатын 126 бірлік құрылыс, жол және ауыл шаруашылығы техникасын анықтады. Бүгінгі таңда прокуратура 2,5 мың баланың пайдасына 2 млрд теңгеден астам алимент өндіріп алды.

Иә, заң алдында да, ар алдында да жауапкершілік теңдей. Алимент бойынша әрбір төленбеген тиын қаржылай қарыз ғана емес, бұл балаға жетпеген жылу, ата-ана орындамаған парыз. Ол үшін тіпті екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Елде жыл басынан дәл осындай 400-ге жуық іс сотқа жолданып, 3400-ден аса тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

Авторы Назерке Тоқжан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz