Қазақстанда тұрғын үй заңнамасына түзетулер әзірленіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Өзгеріс мүлік иелері бірлестіктерінің жұмысына қатысты болмақ. Мүлік иелері бірлестіктері төрағаларының жауапкершілігін нақтылау, тұрғындар жинаған қаражатты бұғаттаудан қорғау және басшылықты ауыстыру рәсімін жеңілдету көзделген. Жаңа нормалар қандай мәселелерді шешуге бағытталған?
Елде көп пәтерлі 60 мыңнан астам үй бар. Соның 14 мыңнан астамы толық жөндеуді қажет етеді. Мұндай жағдайда көп нәрсе үйді басқару жұмысының қаншалықты тиімді ұйымдастырылғанына байланысты. Дегенмен, іс жүзінде төрағаны ауыстыру қордаланған мәселелерді шеше бермейді.
Нығмет Суханов, үй кеңесінің мүшесі:
- Дәл қазір жылыту маусымына қатысты мәселе жоқ. Ал былтыр өте көп қиындық болды. Бәрі сын айтты. Төрағамыз осымен үшінші рет ауысты. Үй кеңесі басқару органы ретінде көрсетілген. Бірақ онда тек үй кеңесінің мүшелері туралы жазылған. Заңнамада үй кеңесінің төрағасы қарастырылмаған. Жергілікті өзін өзі басқару туралы заңды іс жүзінде енгізу керек.
Мәселе жекелеген басшылардың жұмысына ғана тіреліп тұрған жоқ. Өкілеттіктерді бөлуге қатысты да сұрақ көп. Мүлік иелері бірлестіктерінің төрағасы күнделікті шаруалармен айналысады. Ал маңызды шешімдер үй кеңесімен және меншік иелерімен бірлесіп қабылданады. Сала өкілдерінің пікірінше, әр тараптың жауапкершілігі нақты белгіленуі тиіс.
Ерлан Қарбаев, ТКШ меншік иелері қауымдастығының президенті:
- Мүлік иелері бірлестіктерінің төрағасы да өзгелер сияқты осы үйдің тұрғыны. Оны үйге тұрақты түрде қарап жүру үшін сайлаған. Неліктен ол бәріне жалғыз өзі жауап беруі керек? Осы мәселе түсініксіз. Себебі ол тек атқарушы орган. Бұдан бөлек бақылаушы орган ретінде үй кеңесі мен жалпы жиналыс бар. Жалпы жиналыстың шешімінсіз мүлік иелері бірлестіктерінің төрағасы ештеңе істей алмауы тиіс.
Бұл мәселелер заңнамалық деңгейде талқыланып жатыр. Құрылтай депутаттары меншік иелерінің жиналысын өткізу тәртібіне, пәтер иелері туралы мәліметтерге қол жеткізуге және бірлестік төрағаларын ауыстыруға қатысты түзетулер енгізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар үй басқарушыларының жұмысын реттейтін жекелеген нормалар нақтыланбақ.
Екатерина Смышляева, ҚР Құрылтайының депутаты:
- Бірнеше баптағы тұжырымдар тым жалпылама берілген. Мысалы, төраға тұрғындардың жайлы тұруын қамтамасыз етуге міндетті делінген. Бұл дұрыс емес. Төраға мұны қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан осыған қатысты бірқатар түзету енгіземіз. Екінші мәселе - төрағаларды оқыту. Өкінішке орай, қазір үйді басқару қызметтері нарығын кәсібилендіру ісі біршама тығырыққа тіреліп тұр. Цифрландыруға, меншік иесі туралы мәліметтерге қол жеткізуге қатысты өте маңызды мәселелер және төрағаларды ауыстыру бойынша да шешімін күткен сұрақтар бар.
Түзетулерді әзірлеу жұмыстарын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Басты міндет - үйлерді басқарудың ашықтығын арттырып, олардың жай-күйіне кімнің жауапты екенін барлық меншік иесіне түсінікті ету.
Авторы Данияр Сұлтанұлы
Тегтер #мүлік иелері бірлестігі #тұрғын үй #заңнама #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz