Қазақстан әлі күнге кезінде Қаныш Сәтбаев тауып, ашып беріп кеткен кен орындарын пайдаланып келеді. Беріде, тоқырау жылдарында геология саласының жұмысы мүлдем тоқтап қалды.
Тек кейінгі жылдары ғана көңіл бөліне бастады. Менделеев кестесіндегі элементтердің барлық түріне бай Қазақстан бұл салада кенжелеп қалмауға тиіс. Президент биылғы Жолдауында осыған айрықша назар аударды.
Картадағы әрбір сантиметр 500 метр аумақты білдіреді. Елде алғаш рет осындай масштабтағы геологиялық түсірілім басталды. Яғни ықтимал кен орындары бұрынғыдан 4 есе жақын көрсетіледі. Бұл жер қойнауындағы шикізаттың нақты көлемін болжау мүмкіндігін арттырады.
Ерлан Ғалиев, «Ұлттық геология қызметі» АҚ басқарма төрағасы:
Осыған дейін геологиялық түсірілім масштабы 1х200 000 болды. Бұл инвесторлардың қызығушылығы мен сенімін арттыруға жеткіліксіз. Көбі инвестиция салуға тәуекел ете алмайды. Сондықтан біз биылдан бастап едәуір жақыннан түсірілген материалдарды ұсына бастадық.
Озық технологияның көмегімен жер қойнауын толық зерттеп, деректердің ашықтығы мен қолжетімдігін қамтамасыз ету қажет. Мұны Мемлекет басшысы Жолдауда атап өтті. Мамандар дәстүрлі әдіспен қатар, жасанды интеллект, спутник және дрондарды қолданып, перспективалы аумақтарды анықтап жатыр.
Иран Шархан, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
- Нәтижесінде биыл 7 перспективалы нысан туралы алдын ала деректер алынды. Екінші, геологиялық деректерді цифрландыру және қолжетімділікті арттыру. Бірыңғай платформасында 70 мыңнан астам геологиялық есеп пен 109 мың аумақтың контуры орналастырылды. Бастапқы геологиялық ақпараттың 100%, яғни, 4,8 млн жуық дерек цифрландырылды.
Сондай-ақ барлау жұмыстарына жеке қаражатты белсенді тарту қажет. Әлемдік нарықтағы сұранысқа сай, елде ұлттық түрлі-түсті және сирек кездесетін металдар қорын қалыптастыру міндеті тұр.
Бекжан Айтқұлов, ҚР Құрылтайының депутаты:
- Сол бәсекеге қабілетті өнім шығаратын болсақ, біздің тауарымызға сұраныс артады. Яғни қазіргі нарықтың талабы түсті металлургияның өнімдері болып тұр. Сол себепті осы саланы дамыту арқылы біздің экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Озық технологияның көмегімен алдағы үш жылда 20 жоба жүзеге асады. Геологиялық барлау жұмыстары шамамен 100 мың шаршы шақырымды қамтуы мүмкін.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Мерей Талап
Тегтер #жолдау 2026 #геология #озық технология #Қаныш СәтбаевPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz