RU
Толық нұсқаға өту

Шымкентте кәсіпкерлерге қайтарымсыз грант беріледі

03.11.2026, 08:40 50

Нақты жоспар құрып, бизнес ашам десеңіз, мемлекет қаражат береді. Бұл соманы қайтарып қажеті жоқ. Тек кәсібіңізді дөңгелетіп әкетсеңіз болғаны.  

Шымкентте мемлекеттік грантқа өтініш қабылдау жүріп жатыр. Кәсіп қылам деген азаматтар 5 миллион теңгеге дейін ала алады.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында шағын және орта бизнесті қолдау мен онлайн сауданы дамытудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Бұл экономиканы әртараптандыруға, әрі цифрландыруға жол ашады. Осы орайда мемлекеттік гранттың шарттары мен тиімділігі қандай?

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Кәсіпкерлікті дамыту Үкіметтің жаңа қаулысымен бекітілді. Енді Бірыңғай кешенді бағдарлама аясында «Бір ауыл – бір өнім» байқауының қатысушылары мен әлеуметтік кәсіпкерлерге 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы беріледі. Осы мақсатта қазынадан 150 миллион теңге бөлінді. Қазір өтініштер «Kezekte.kz» ақпараттық жүйесі арқылы электронды түрде қабылданып жатыр. Мамандардың айтуынша, цифрландырылған жүйе бәсекенің әділ, әрі ашық өтуін қамтамасыз етеді.

Үсен Исаев, Шымкент қалалық Кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары: 

- Өтінім қабылдау аяқталған соң реглементке сәйкес 3 күннің ішінде электронды порталға түскен құжаттардың сәйкестігіне талдау жүргізіледі. Сәйкес келетіні толық іріктеліп, комиссияның қарауына ұсынылады. Шешім шығарылған соң келісімшарт түзуге кіріседі. Жалпы регламентке сәйкес 29 күннің ішінде осы іс-шараның бәрі аяқталуы керек.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Табыстың көзін тапқандар жеке кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алды. Бұған дейін мемлекеттік грант иегері атанған Әлібай Жұмабаев өңдеу саласына жаңа серпін әкелді. Шағын өндірісте полистирол түйіршіктері қайнатылып, құрылыс, қаптама жасау, жарнама және дизайн салаларына қажетті пенопласт өндіріледі. Кәсіпкердің айтуынша, бастапқыда тапсырыс аз, тұтынушы жоқтың қасы еді. Алайда қазір онлайн сауданы толық игеріп, ел нарығына ай сайын 780 шаршы метрге дейін өнім сатады. Бүгінде 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Әлібай Жұмабаев, кәсіпкер:

- Тек осы тұратын орнымызды көрсетіп, тұтынушылардан тапсырыс түсіп отырды. Қазір енді онлайн жіберіп отырамыз. Көрші облыстарға кетіп жатыр. Қызылордаға, Тараз қаласына кетіп жатыр. Алматыға да арасында кетіп жатқаны бар. Кеңсе толық цифрландырылған. Менеджерлер бар. Соларға тапсырыс түседі. Бізге өндіріске жібереді. Біз соны дайындап, жіберіп отырамыз.  

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Кәсіпкерлерді қолдау шаралары кеңейіп келеді. Мәселен, 2024 жылы осы мақсатта 19 жоба қаржыландырылса, былтыр 30 жобаға мемлекеттік грант берілді. Ал биыл өтініш қабылдау 4 қарашаға дейін жалғасады. Айта кетейік, грант иегерлерін анықтайтын комиссия құрамына салалық сарапшылар, қоғам және БАҚ өкілдері тартылып отыр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов  

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz