Биыл Жамбыл облысында төрт түліктің саны 4,1 миллион басқа жетті. Бұл былтырғымен салыстырғанда 300 мың басқа көп.
Мамандар: «Өсімге мемлекеттік субсидия мен жеңілдетілген несиенің ықпалы зор», - дейді. Қаржылай қолдаудың арқасында кәсібін кеңейтіп, өнімін экспортқа шығарып отырған шаруалар бар.
Жасы 60-ты алқымдаған Берік Егембердиев қой шаруашылығын 15 жыл бұрын ашыпты. Бастапқыда 500 қойы болса, қазір мал басын 20 мыңға жеткізген. Бұған қоса, мың сиыры мен 500 жылқысы бар. Кәсіпкердің сөзінше, мемлекеттік қолдаусыз шаруашылықты өркендету қиын. Ол «Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі» бағдарламасы аясында 1 млрд теңге жеңілдетілген несиеге 10 мың бас асылтұқымды Еділбай қойын сатып алған. Қазір ет өңдеп, өнімін экспортқа шығарып отыр.
Берік Егембердиев, кәсіпкер:
- Біз комбинатта тәулігіне 1 мың ұсақ бас қой соя аламыз. Сонымен қатар тәулігіне 150 бас ірі қара соя аламыз. Бүгінде 6-7 мемлекетпен жұмыс жасап жатырмыз. Жақында біз Кореяны аштық. Келесі жылдан бастап Кореяға сиырдың, қойдың, жылқының бұқтырылған етін жібереміз.
Кәсіпкердің иелігінде 30 мың гектар жер бар. Мұнда мал өсіріп қана қоймай, ет комбинаты да жұмыс істейді. Кәсіпорында жылына 8 мың тонна ет өңделеді. Жалпы облыстағы 4,1 млн бас малдың 3,5 миллионға жуығы – қой. Биыл ұсақ мал саны 9 пайызға артқан.
Әбдірасыл Желеубаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Несие қаражаттары, «Ауыл аманаты» бағдарламасы, одан басқа «Солтүстік Қазақстан облысының тираждау» бағдарламалары бар. Жаңа бағдарламалар біздің осы агросаланы дамытуға оң септігін тигізіп келеді. Келесі жылға жоспарымыз – бұдан арттыру, яғни 50 миллиардқа дейін жеткізу. Одан бөлек, бізде несие қаражаттары бар. Ол аграрлық несие корпорациясы бар, «ҚазАгроҚаржы» корпорациясы. Соңғы 3 жылда 15 млрд-тан несие қаражаты 20 млрд-қа дейін артты.
Жыл санап шаруаларды қолдауға бағытталған қаржы көлемі де ұлғайып келеді. Мәселен, былтыр субсидия мен несиеге 25 млрд жуық теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 47 млрд теңгеге жеткен. Оның 33,5 млрд теңгесі – субсидияға бағытталып отыр.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан
Тегтер #жолдау 2026 #шаруа #экспорт #мемлекеттік субсидия #несиеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz