Оралда Ұлттық гвардияға қарасты №5517 әскери бөлімінде 300 сарбазға арналған казарма салынып жатыр. Қазір жеке құрам 70 жыл болған ескі ғимаратта орналасқан.
Келесі жылдың көктемінде олар заманауи жабдықталған жаңа қонысқа көшеді. Казарма – мерзімді әскери қызметін өтеп жатқан сарбаздың екінші үйі. Бұл жер – жай жатын орын емес, кешегі бозбаланы ел қорғайтын ер азаматқа айналдыратын шыңдалу мектебі. Әскери бөлімнің бұрынғы казармасы 1955 жылы салынған. Ескі болғанымен, әр күнін сонда өткізіп жатқан сарбаздар үшін ол да ыстық орын.
Ақтамберді Тұрсынжан, №5517 әскери бөлімінің сарбазы:
- Әскерде жүргеніме жарты жыл болды. Салынып жатқан жаңа казармада тұрып, үйренгім келеді. Бізден кейінгілер сонда орналасатын шығар. Қазіргі казармадағы жағдай да жаман емес.
Мемлекет басшысы 2027 жылды «Ауқымды құрылыс жылы» деп жариялады. №5517 әскери бөлімінде инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары басталып та кетті. Мұнда 300 жауынгерге арналған ғимарат салынып жатыр.
Марат Нәсіпқалиев, жоба басшысы:
- Қазір ғимаратың қабырғасы тұрғызылды. Енді төбесін жауып, терезесін салып, сыртқы жұмыстарын істеп жатырмыз. Үшінші кезеңде абаттандыру, ішкі әрлеу жұмыстарына кірісеміз. Су, кәріз желісі өткізілді.
Саят Кенжеғұлов, №5517 әскери бөлім командирінің орынбасары:
- Бұл әскери қызметшілердің тұрмыстық жағдайын жақсартады. Бүкіл бөлмелері жаңадан, жаңадан санитарлық-тұрмыстық бөлмелер қарастырылған. Психологиялық жеңілдету бөлмелері қарастырылған. Біздің ең басты міндеттеріміздің бірі – сол солдаттарға, сарбаздарымызға жағдайларын жасау.
Жаңа казарма құрылысын алдағы жылдың мамыр айында толық аяқтау жоспарланған. Әскери бөлім басшылығы басқа да әкімшілік ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізуді көздеп отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Болат Жарылғасов
Тегтер #казарма #сарбаз #әскери бөлім #Орал #БҚОPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz