Ақтөбе облысындағы тауарлы-сүт фермасы сауын сиырларының санын 2600 басқа жеткізеді. Шаруа қожалығы өндірісті Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін басшылыққа ала отырып кеңейтуге кіріскен, деп хабарлайды 24KZ.
Мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие ретіндегі қолдауға ие болған серіктестікте қазір қора-жайлардың құрылысы жүріп жатыр.
Мәртөк ауданындағы бұл ферманың өңірдің азық-түлік картасындағы алар орны ерекше. Себебі сүт өнімдері нарығының 45 пайызын дәл осы шаруа қожалығы қамтып отыр. Шетелдік технологияларға иек артқан серіктестікте өндіріс толықтай автоматтандырылған. Өнім сапасы жіті бақыланады.
Азамат Қалменов, «Айс» ЖШС мал шаруашылығы бойынша маманы:
– Әрбір сиырдың аяғында педометр-белгі берушілер бар. Яғни бұл құрылғылар қажетті ақпарат жинайды. Соның арқасында біз ірі қараның денсаулығын, бейімділігін бақылай аламыз. Сүт сауу көрсеткіштерін, сиырдың қаншалықты белсенді немесе белсенділігінің төмендегенін байқаймыз.
Тауарлы-сүт фермасы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне сүйеніп өндіріс ауқымын кеңейтуге кіріскен. Даниядан 500 бас сүтті ірі-қара сатып әкелді. Нәтижесінде күніне жүз тоннадан астам өнім алуды көздейді.
Қуаныш Ищанов, «Айс» ЖШС директоры:
– Мемлекеттік бағдарлама аясында біз 7,5 млрд теңге жеңілдетілген несие алдық. Сыйақы мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайды. Осы бағдарламаның арқасында біз мал басын 2600-ге дейін жеткізіп, сүт өндірісін үш есе арттырамыз.
Қазір Ақтөбе облысының шаруалары жергілікті нарықты сүт және сүт өнімдерімен 82,3 пайызға қамтамасыз етеді. Жыл басынан 148 мың тонна сүт өндірілді. Сауда сөрелеріндегі шетелдік тауарды ығыстырып, азық-түлік қауіпсіздігіне нық қадам жасау үшін мемлекет тарапынан қомақты қолдау да бар.
Нұржас Матбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
– Облыс бойынша мал шаруашылығын субсидиялауға 4 млрд 200 млн теңге бөлінді. Оның ішінде сүт бағытына асыл тұқымды сауын сиырларды сатып алуға шамамен 500 млн теңге, ал сүт өткізуге шамамен 900 млн теңге қарастырылған.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек», - екендігін алға тартты. Бұл ауыл шаруашылығы саласының қарыштап дамуына септігін тигізуі тиіс. Қазірдің өзінде Ақтөбе өңіріндегі 5 қожалық мемлекеттік жеңілдетілген несиеге өтінім берген.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев
Тегтер #24KZ #Ақтөбе облысы #сүт зауыты #ауыл шаруашылығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz