Соңғы үш жылда елімізде апатты үйлерде тұрған 24 мыңға жуық адам жаңа баспанаға көшті. Алайда әлі де жаңа қонысты күтіп отырғандар көп, деп хабарлайды 24KZ.
Мәжіліс депутаттарының айтуынша, 2029 жылға дейін бұл мәселені толық шешуге тек үш өңір ғана дайын.
Мына үйдің қабырғасы қақырап, сылағы сынған. Төбесі опырылуға шақ қалды. Тұрғындар оны ағашпен тіреп, күн кешіп жүр. Осылайша, жұртшылық 70 жылға жуық тарихы бар апатты үй қай күні үйіндіге айналады деп үрейленіп отыр.
Валентина Шарова, Орал қаласының тұрғыны:
– Бұл – өте үлкен аудан. Мұнда қомақты қаражат қажет. Әр үйдің тозығы жеткен, кейбірі апатты жағдайда. Сондықтан жекелеген үйлерді ғана емес, тұтас ауданды бұзу керек. Біз бармаған жер, қақпаған есік қалмады. Барлық мекемеге барып, мәселені айтып, дабыл қағып жүрміз.
Тұрғындар талай рет жергілікті биліктің табалдырығын тоздырса да, одан нәтиже шықпады. Оралда реновация аясында небәрі төрт үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ал сүрілуі тиіс ескі баспана саны - 279. Яки 4 мыңнан астам пәтер. Биыл соның жүзін ғана пайдалануға беру жоспарланған. Сонда қалған мыңдаған тұрғын жаңа үйді тағы қанша жыл күтеді? Мәселе ескі ғимаратты бұзып, орнына жаңасын салумен бітпейді. Тозған инженерлік желілерді ауыстыру, инвестор тарту, қомақты қаржы табу керек. Ал құрғақ жоспардың арасында қауіпсіз баспанаға зәру тұрғындардың тағдыры қалып отыр.
Жанна Быкова, Орал қаласының тұрғыны:
– Біз тұратын үйді ғана емес, тұтас ауданды жаңарту керек. Су құбырларын, жылу жүйесін, электр желілерін, трансформаторлық қосалқы стансаларды түгел ауыстыру қажет. Мұның бәрін құрылыс компаниясы өз есебінен жүргізуі тиіс. Бірақ олар шығынның тым көп екенін айтып, бұл жұмысты атқара алмайтынын жеткізді. Сөйтіп, бізбен жұмыс істеуге дайын болған құрылыс компанияларының өзі бас тартты.
Бір жағынан – апатты баспана. Екінші жағынан – оны жаңартуға қажетті қаржының тапшылығы. Ал осы екі арада тұрғындар күтуге мәжбүр.
Оралдағы жағдай елдің өзге өңірлерінде де бар. Құрылтай депутаты Әмірбек Оспанбековтың дерегінше, 2029 жылға дейін апатты және ескі үй мәселесін шешуге тек үш өңір дайын.
Әмірбек Оспанбеков, ҚР Құрылтай депутаты:
– Ақмола, Қарағанды, Алматы, Ұлытау, Абай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары мен Алматы қаласында тұрғын үй қоры 2 пайыздан 19 пайызға дейін ғана жаңартылады. Басқа өңірлерде бұл көрсеткіш 20-дан 75 пайызды құрайды. Осылайша, көптеген өңір бойынша жағдай сын көтермейді. Тек 3 өңірдің әкімдіктері Астана қаласы мен Жамбыл және Павлодар облыстары 2029 жылға дейін осы мәселені шешуге дайын. Оны жергілікті бюджет қаражатынан және жеке инвесторларды тарту арқылы күтілуде.
Елде апатты деп танылған мыңнан астам үй бар. Тозығы жеткен ғимараттар саны бұдан үш есе көп. Бірақ тұрғын үй қорын жаңғыртуға республикалық бюджеттен қаражат бөлу қарастырылмаған. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты комитет мәлімдеді. Демек, негізгі салмақ жергілікті әкімдіктерге артылады. Олар инвестор тартып, тұрғындарды көшіруі керек.
Дана Жақсылық, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің баспасөз хатшысы:
– Сонымен қатар 2025 жылы ЖАО аталған тұрғын үйді бұзу арқылы 2029 жылға дейін апатты және ескі тұрғын үй иелерін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасын бекіткен болатын. Қазіргі таңда реновациялау бағдарламасы Астана, Алматы қалалары және Ақмола, Атырау, Жетісу, Батыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылып жатыр.
Ресми деректерге сүйенсек, 2023 жылдан 2026 жылға дейін 325 көппәтерлі үй бұзылып, 444 жаңа үй салынған. Нәтижесінде 6 155 меншік иесі, яғни шамамен 24 мың адам жаңа баспанаға көшкен. Алайда елде тозығы жеткен ғимараттар бұдан әлдеқайда көп. Сондықтан депутаттар Үкімет жанынан арнайы комиссия құрып, тұрғын үй қорын жаңарту жұмысын әкімдердің қызметін бағалау кезінде ескеруді ұсынып отыр.
Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Роза Сатқанова
Тегтер #24KZ #апатты үйлер #Орал #жаңғырту жұмыстары #реновацияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz