Жөнделген, жиһазы бар, бірден көшіп кіруге дайын пәтер. Қазақстандықтар баспана таңдағанда осыған жиі мән береді. Қазір екінші нарықтағы тұрғын үйге сұраныс артып, ал жаңа пәтер сатылымы төмендеп барады, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақстандықтар дайын баспананы жиі таңдай бастаған. Екінші нарықтағы баспана жаңа үйлерді біртіндеп ығыстыруда. Себебі сатып алушылар жиһазы бар пәтерге қосымша шығынсыз бірден қоныстануды қалайды. Дегенмен баспанаға жалпы сұраныс әлі де жоғары. Биыл қаңтар-қыркүйек айларында жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату келісімдерінің саны былтырға қарағанда шамамен 6 пайызға азайған. Сарапшылар жыл соңына дейін елде 410–420 мыңға жуық мәміле жасалады деп болжайды. Ал былтыр бұл көрсеткіш 449 мың болған. Жақында нарықта жаңа пәтерлер үстемдік құрған болса, қазір оның үлесі екінші нарықтағы баспанамен теңесті. Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіс әлі де жалғасады.
Лев Тетин, Инвестиция және жылжымайтын мүлік нарығының халықаралық сарапшысы:
– Екінші нарықтағы пәтердің ішінде жиһаздың бір бөлігі болуы мүмкін. Яғни пәтерге бірден көшіп кіріп, тұра бересіз. Дизайнға ақша жұмсамайсыз. Жөндеу біткенше басқа баспананы жалдап тұрудың да қажеті жоқ. Себебі мұның бәрі қосымша шығын.
Бұған құрылыс компаниялары саудасының төмендеуі де себеп. Сарапшылардың бағалауынша, 2026 жылы жаңа пәтерлердің сатылымы шамамен 40 пайызға қысқарған. Кейбір компаниялар тұрғын үй кешендерінің тұжырымдамасын қайта қарап, баспананың санатын өзгертуге, тіпті жекелеген жобаларды кейінге шегеруге мәжбүр.
Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті:
– Биылғы жағдай әдеттегіден мүлде басқаша. Сәуір айына дейін мәмілелер саны біршама қалыпты болды. Ал содан кейін ұзаққа созылған құлдырау басталды. Ол әлі тоқтаған жоқ. Себебі салық кодексіндегі түбегейлі өзгерістер құрылыс жобаларының құрылымына айтарлықтай әсер етті. Құрылыс жүргізу қымбаттады. Соған сәйкес баға да өсті. Ал баға көтерілгенде сұранысты бұрынғы деңгейде ұстап тұру мүмкін емес.
Үлестік құрылыс туралы заңнамадағы өзгерістер де нарыққа қосымша салмақ түсірді. Түзетулер күшіне енгеннен кейін бірқатар жоба жаңа талаптарға сай бола алмады. Сарапшылардың дерегінше, сол кезде нарықтағы ұсыныстың шамамен 62 пайызы сатылымнан алынған. Құрылыс компанияларының бәрі бірдей нарыққа қайта орала алған жоқ. Бұған инфрақұрылымы дайын, құрылысқа қолайлы жер телімдерінің тапшылығы да әсер етіп отыр. Жаңа аумақтарды игеру үшін жолдарға, инженерлік желілерге, мектептер мен әлеуметтік нысандарға қосымша қаражат қажет.
Лев Тетин, Инвестиция және жылжымайтын мүлік нарығының халықаралық сарапшысы:
– Алда әлі екі ай болса да, жыл қорытындысы қазірдің өзінде айқындала бастады. Жылды бағаның 15–16 пайыздық өсімімен аяқтаймыз. Бағаның көтерілуіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі – жыл басында күшіне енген жаңа Салық кодексі. Ол құрылысшыларға қосымша 16 пайыздық жүктеме әкелді. Екіншіден, біз әлі де импортқа тәуелдіміз.
Осылайша, тұрғын үй нарығында күрделі жағдай қалыптасты. Жаңа баспанаға ұсыныс азайып, құрылыс қарқыны баяулап келеді. Ал тұрғын үйдің қолжетімділігі әлі де өзекті мәселе. Құрылысшылар қауымдастығы мұның жұмыспен қамтуға да әсер ететінін ескертеді. Бүгінде құрылыс саласында млн-ға жуық адам еңбек етеді. Жаңа жобалардың тоқтауы құрылысшылармен қатар, осы салаға қызмет көрсететін басқа кәсіп иелеріне де қиындық әкелуі мүмкін. Сарапшылардың болжамынша, алдағы екі жылда екінші нарықтағы баспанамен жасалатын мәмілелердің үлесі 60–65 пайызға жетуі мүмкін.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Артём Грапов, Ержан Қанапияұлы
Тегтер #24KZ #баспана нарығы #сұраныс #жылжымайтын мүлік #тұрғын үй нарығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz