Елордада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Биыл еліміздің барлық өңірінен 20 отбасы финалға жолдама алған, деп хабарлайды 24KZ.
Олардың әрқайсысына екі млн теңгенің сертификаты мен дәстүрлі мүсінше табысталды. Жеңімпаздар қатарында еңбек және шығармашылық әулеттері, көпбалалы отбасылар, сонымен қатар елдің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген жанұялар бар. Олардың мемлекет дамуына қосқан үлесін Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев ерекше атап өтті. Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында адами капиталды дамыту мен жас ұрпақтың жан-жақты қалыптасуына жағдай жасаудың маңызын айқындаған. Бұл ретте тәрбие негізі қаланып, өмірлік құндылықтар қалыптасатын отбасының рөлі айрықша. Арман Қырықбаев осындай өнегелі отбасылардың өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс екенін атап өтті.
Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
– Жаңа конституциямызда отбасы құндылықтарына айрықша мән беріп, неке мен отбасының, ана, әке мен баланың мемлекет қорғауында болатыны айрықша бекітілді. Бұл – мемлекеттің отбасы институтына деген берік ұстанымының айқын көрінісі. Бүгінде елімізде 6 млн-нан астам отбасы бар. Әр шаңырақтың амандығы, балалардың қауіпсіз әрі мейірімге толы ортада өсуі – мемлекеттік отбасы саясаттарының басты басымдықтарының бірі.
Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы 13-ші рет ұйымдастырылды. Оған қатысуға ниет білдірген отбасылардың саны жылдан-жылға артып келеді. Биылдың өзінде 3 жарым мыңнан астам өтінім түскен. Ал байқау өткізіле бастаған уақыттан бері 20 мыңнан астам отбасы бақ сынаған. Аталған жобаның басты мақсаты – рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту, отбасы институтының мәртебесін арттыру және қоғамдағы отбасының рөлін күшейту.
Қымбат Қайдаров, Абай облысының тұрғыны:
– Абай облысы, Бесқарағай ауданы, Бегень деген жерден келдік. Қайдаровтар әулеті. Әке-шешем жуырда ғана 60 жылдық гауһар тойын тойлады. Сонымен қатар бала-шаға, немерелерін тәрбиелеп, қоғамға қосқан үлесіміз, әр салада, яғни медицина, туризм саласында істеп келе жатқан жұмыстарымыз бар. Сол себептен бізді белгілеген шығар деп ойлаймын.
Тегтер #24KZ #Астана #Мерейлі отбасы #байқау #марапаттауPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz