Шымкентте мемлекет меншігіне қайтарылған орталық су-спорт кешені жаңғыртылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Сала мамандарының айтуынша, нысанды қалпына келтіру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, қайта қолданысқа берілмек. Айта кетейік, бұған дейін сенімгерлік басқаруда болған кешен әбден тозып, апатты жағдайға жеткен. Былтыр ғана инвестициялық міндеттемелерін орындамаған жеке компаниядан сот шешімімен кері қайтарылды.
Орталық су-спорт кешенін жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Бетон конструкциялардың беріктігі күшейтіліп, шатыры толық жөнделді. Сондай-ақ инженерлік және инфрақұрылымдық желілер ауыстырылды. Мамандардың айтуынша, қалған сырлау мен су сүзгілеу жүйесін жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.
Жәдігер Кәрібаев, Орталық су-спорт кешенінің директоры:
– Соттың шешімімен 2024 жылы желтоқсанда қабылдап алғанбыз. Ол қабылдап алғанда жағдайы өте нашар еді. Бассейннің ішінде кафельдер көтеріліп кеткен болатын. Еденнің бәрі түсіп кеткен болатын. Оны арнайы қызметкерлер келіп тексерді. Ғимараттың жағдайы апатты деп есептелмей, тек қана сол күрделі жөндеу жұмыстарын жасау керек болды.
Аясбек Бижігітов 14 жылдан бері ерекше жандарға нұсқаушы-жаттықтырушы болып еңбек етіп келеді. Алайда соңғы жылдары кешеннің жабылуына байланысты жұмысын басқа спорт мектебінде жалғастыруға мәжбүр болған. Қазір тәлімгер де, тәрбиеленушілері де орталықтың қайта ашылуын асыға күтіп жүр.
Аясбек Бижігітов, пара жүзу спортының жаттықтырушысы:
– Жабық болғаннан кейін мұнда іші жылы болады. Су жылы болады. Өте жақсы болар еді. Күтіп жүрміз ашылғанын. Балалар келіп, осында жаттығу жасаса. Қаншама чемпиондар шықты. Әлі де алда шығарамыз деген ниетіміз бар.
Құны 1 млрд 214 млн теңгеге бағаланған нысан 2017 жылы сатып алу құқығымен жеке басқаруға берілген. Алайда арадағы келісімшарт талаптары орындалмай, сегіз жылдың ішінде бір тиын да инвестиция құйылмағаны анықталды. Сонымен қатар салықтық берешегі мен коммуналдық қарыз да қордаланып қалған. Осыдан кейін нысан сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал оны күрделі жөндеу жұмыстары демеушілердің қолдауымен қолға алынды.
Ермек Дәрменов, Шымкент қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
– Ол компания бүгінгі таңда тиянақты бәрін жасап беріп, бізге орындалған жұмыстар актісімен бірге ұсынады. Әрине, өзінің жасаған жұмысына кепілдік беріп отыр. Енді жасап біткеннен кейін қабылдап аламыз.
Жаңғырту жұмыстарын алдағы желтоқсан айында толық аяқтап, қолданысқа беру жоспарланған. Мекеме басшысының айтуынша, алдағы уақытта әуесқой және кәсіби спорт үйірмелері қайта ашылады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов
Тегтер #24KZ #Шымкент #спорт кешеніPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz