Жыл басынан бері Маңғыстау облысының 822 тұрғынынан обыр дертінің белгілері анықталды. Науқастардың төрттен бір бөлігінде аурудың алғашқы сатысы болған, деп хабарлайды 24KZ.
«Қатерлі ісіктің бастапқы кезеңінде анықтауға скринингтік тексеріс ықпал етті», – дейді дәрігерлер. Қазір аймақта «Сүт безі обырына қарсы күрес айы» өтіп жатыр. Акция аясында мыңға жуық әйел дәрігерлерге келіп қаралды.
69 жастағы Тынышкүл Жұрмағамбетованың кезекті тексерісі операция жасатумен аяқталды. Ұзақ жылдар бойы перзентханада еңбек еткен тәжірибелі маман ауру белгілерін «Қызғылт қазан» акциясы кезінде білген.
Тынышкүл Жұрмағамбетова, Ақтау қаласының тұрғыны:
– Отаны 30 күні жасады. Мені емдейтін дәрігерім Жақсыбай Еркебайұлы – керемет дәрігер. Жақсы жасады. Ота жақсы өтті. Қазір жағдайым жақсы. Ол кісі күніне үш-төрт рет хабар алады. Екпелерді жақсы салып жатыр. Осылай емдеп жатыр. Осы жерде жұмыс істейтіндердің барлығына көңілім толады.
Қазан айындағы тексерістің нәтижесі есептеліп жатыр. Жалпы облыстық онкологиялық орталықта 6 291 адам тіркеуде тұр. Олардың басым бөлігінде ауру белгілері бірінші және екінші сатысында анықталған. Науқастардың 41 пайызы үшінші клиникалық топқа жатады.
Елдос Смаилов, облыстық Онкологиялық орталықтың директоры:
– Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы бойынша өткен 9 айлықтың көрсеткіштері бойынша 822 қатерлі ісік табылып отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 98 адамға артқан. Мұны қатерлі ісіктердің алдын алу және оларды ерте анықтау бағытында жүргізіліп жатқан скринингтік жұмыстардың нәтижесі деп санаймыз. Аурушаңдық бойынша бірінші орында – сүт безінің қатерлі ісігі, екінші орында – асқазан қатерлі ісігі, үшінші орында – тоқ ішек және тікішек қатерлі ісіктері.
Биыл скринингтік бағдарлама аясы кеңейтіліп, 70 жастан асқан адамдар да тегін тексерілетін болды. Одан бөлек, Ақтаудағы диагностикалық зертхана жұмысы жетілдіріліп жатыр. Енді биоматериалдар Астана мен Алматы қаласына жіберілмей жергілікті жерде талданады. Жаңа құрылғы тәулігіне 120 сараптама жасайды. Жыл соңына дейін мекемеге қажет технологиялардың тағы бірнешеуі жеткізіледі. Ал 2 мобильді кешен дәрігерлерге шалғай аудандарға да барып, тұрғындарды қабылдауына мүмкіндік береді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Тамара Степанова, Ренат Дусалиев
Тегтер #24KZ #обыр #онкологиялық орталық #сүт безі қатерлі ісігі #скрининг #Қызғылт қазанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz