Жасанды интеллект қатерлі ісік белгілерін ерте анықтауға көмектеседі. Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінде енгізілген жаңа жүйе көлемі небәрі екі миллиметр болатын күмәнді түзілімдерді де анықтай алады, деп хабарлайды 24KZ.
Бүгінгі таңда өңірдегі 22 медициналық ұйымның диагностикалық жабдықтары бірыңғай PACS жүйесіне біріктірілді. Енді дәрігерлер рентген, компьютерлік томография және маммография нәтижелерін қашықтан қарап, өзара ақпарат алмасып, кеңес ала алады. Жүйе іске қосылғалы 60 мыңнан астам медициналық зерттеу жинақталып, 35 мыңға жуығы жасанды интеллект көмегімен талданған. Нәтижесінде 4 мың 149 жағдайда күмәнді өзгерістер анықталды. Алайда жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайды. Ол тек күмәнді белгілерді дер кезінде байқап, мамандарға ескерту жасайтын қосымша құрал. Ал нақты диагнозды дәрігер қояды.
Баян Чакенова, облыстық Онкологиялық диспансердің бөлім меңгерушісі:
– Онкологиялық диспансерде жұмыс істейтіндіктен, науқастың жағдайын және аурудың қалай өзгеріп жатқанын бақылау біз үшін өте маңызды. Жасанды интеллект өкпенің рентгені мен компьютерлік томографиясын, сондай-ақ маммография нәтижелерін талдайды. Ол дәрігерге суреттегі күмәнді тұстарды көрсетіп, қай жерге ерекше назар аудару керегін ескертеді. Бірақ соңғы қорытындыны дәрігердің өзі жасайды.
Тегтер #24KZ #жасанды интеллект #қатерлі ісік #Павлодар облысы #онкологиялық орталықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz