Биыл құрғақшылық салдарынан шығынға ұшыраған қазақстандық фермерлерге сақтандыру компаниялары 5 млрд теңге өтемақы төледі. Ауыл шаруашылығындағы климаттық тәуекелдерді азайту үшін егін мен малды сақтандыру тетіктері қолданылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі қаржылық қолдау басқармасының басшысы Шерхан Қаныбек 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.
Ауыл шаруашылығы табиғи жағдайларға тікелей тәуелді. Құрғақшылық, өнім көлемінің азаюы және ауа райының қолайсыздығы шаруалардың табысына әсер етіп, несие міндеттемелерін орындауын қиындатуы мүмкін. Сондықтан сақтандыру жүйесі фермерлердің қаржылық тәуекелін төмендететін маңызды құралдың бірі саналады.
Ауыл шаруашылығы – климаттық және өзге де тәуекелі жоғары сала. Сондықтан шаруалардан қарызды өтеу мерзімін ұзарту туралы өтініштер жиі түседі. Мұндай жағдайда Аграрлық несие корпорациясы негізгі борышты өтеу мерзімін келесі жылға шегеру мәселесін қарастырады, – деді Шерхан Қаныбек.
Қазір агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру бағдарламаларын Аграрлық несие корпорациясы үйлестіреді. Шаруалар егістігі мен малын сақтандырып, сақтандыру жағдайы туындаған кезде өтемақы ала алады.
2026 жылы құрғақтық бойынша фермерлерге 5 миллиард теңге қаражат көмек көрсетілді. Аталған қаражатты сақтандыру компаниялары тікелей фермерлерге төледі. Аталған бағыт бойынша жұмыстар жалғастырылуда және күшейе түседі, – деді басқарма басшысы.
Сақтандыру бағдарламалары шаруалардың табиғи апаттардан болатын шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Әсіресе егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер үшін бұл – өндірістің тұрақтылығын сақтауға көмектесетін қаржылық қорғаныс тетігі.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #құрғақшылық #фермерлер #өтемақы #ауыл шаруашылығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz