Соңғы 2 жылда Ақтауда жалпы ұзындығы 44 шақырым құбыр желісі жаңғыртылды, деп хабарлайды 24KZ.
22 шақырым магистральдық жылу желілері мен 10,2 шақырымдық ішкі құбырларды қайта жаңарту ұлттық жоба аясында жүзеге асты. Жыл басынан бері 2 шағын ауданда жылу құбырлары ауыстырылып жатыр. «Ауқымды құрылыс келесі жылдың жылыту маусымына дейін аяқталады», – дейді жауаптылар.
№4 және №5 шағын ауданда ұзындығы 28,3 шақырым болатын жылу желілері жаңартылуда. Құрылыс-монтаждау жұмыстары «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүріп жатыр. Мердігер компания аудандарда автоматтандырылған жылу станциясын салуда. Қуаттылығы 29 мегаваттық нысан МАЭК-тен келетін жылудың тұрғын үйлерге бірдей әрі тұрақты берілуін реттеп тұрады.
Берік Ахметов, «Астанаинжкомстрой» ЖШС жоба жетекшісі:
– Әрбір үйге қанша жылу керек, сонша жылу беретіндей АТП саламыз және орталықтандырылған жылу жүйесін саламыз. Мұның барлығы КЖСА-да көрсетіліп тұрады. Мысалы, мына үй қанша гигакалория алу керек, сонша алып тұрады. №5 шағын аудан бойынша 40 АТП көрсетілген.
Инженерлік желілердің ақаусыз жұмыс істеуіне «Каспий жылу, су арнасы» мекемесі жауапты. Биыл кәсіпорында цифрлық басқару орталығы іске қосылды. Ақылды жүйе әр шағын аудандағы құбырлардың жай-күйін автоматтандырылған жылу бекеттері арқылы онлайн бақылайды.
Нұрсұлтан Болатов, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
– 2025–2026 жылдары Ақтау қаласының төменгі аймағындағы №3А және №3Б шағын аудандарында ұзындығы 10,2 шақырым жылу желілері жаңартылды. Бұған дейін Ақтау қаласында екі құбырлы жүйе қолданылған. Ол арқылы тұрғындарға жылу да, ыстық су да берілді. Ал қазіргі жүзеге асырылып жатқан жобаға сәйкес, төрт құбырлы жүйе енгізілуде. Сонымен қатар №3 және №6 шағын аудандардағы жылу желілерін жаңғырту бойынша жобалар әзірленді.
Ақтауда жылу желілерінің 65%-ы әбден тозған. Су құбырлары 58%, ал кәріз желілерінің тозуы 69%-ды құрайды. Мәселе арнайы әзірленген «Жол картасы» шеңберінде кезең-кезеңімен шешілмек. Алдымен №1-6 шағын ауданішілік құбырлары ауыстырылады. Содан кейін №7-24 ықшам аудандарда жалғасады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #24KZ #жарнама #Ақтау #жылу желілері #құбырларPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz