RU
Толық нұсқаға өту

Жезқазғанда онкология орталығы салынады

04.11.2026, 22:40 43

Ұлытау облысында 2500 адам есепте тұр. Науқастарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін 100 төсекке есептелген заманауи нысанның құрылысы басталады, деп хабарлайды 24KZ.

Жоба құны 30 млрд теңгеге жуықтайды. Медицина мекемесінде сырқаттарды емдеумен қатар, қатерлі дертті ерте анықтау шаралары жүргізіледі.

Жаңа медициналық кешен облыстық көпсалалы аурухананың жанынан салынады. Мекеме 100 орынға лайықталады. Ал диагностикалық орталық бір ауысымда 250 адамға қызмет көрсетеді. Жобада сәулелі терапия бөлімі де қарастырылған.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Біздің басты міндетіміз – заманауи медициналық қызметтерді қазақстан азаматтарына қолжетімді ету. Бұл пациенттерді шетелге емдетуге басқа қалалардан ем іздемей осыған байланысты қажеттілігін азайтып, отандық мамандардың әлеуетін арттыруға, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін халықаралық ғылыми клиникалық бағдарламаларға біріктіруге мүмкіндік береді.

Облыс тұрғыны Амангүл Бегімбетова жеті айдан бері Қарағандыға барып емделіп жүрген. Себебі Жезқазғанда сынамаға талдау жасайтын тиісті зертхана жоқ. Енді онкологиялық ауруға шалдыққан жандар басқа қалаға бармай, жергілікті жерде ем қабылдауға мүмкіндік алады.

Амангүл Бегімбетова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

– Енді мен осы химия біткеннен кейін сол жаққа барып, тапсыратын операцияларымды өтуге тура келеді. Екі ортада пойызбен жүру бізге қиыншылық тудырады. Сондықтан да Жезқазған қаласында ашылып, өзіміздің сауықтыру орталығында барлық анализдерімізді өтетін, сәулелі операцияларымызды өңірімізде жасаса деген арманымыз бар.

Қатерлі ісікке шалдыққандар облыстық көпсалалы ауруханада емделеді. Биыл олар үшін жатын орын саны 2,5 есе көбейтіліп, 50 орынға жетті. Науқастарға дәрі-дәрмекпен емдеу, жекелеген хирургиялық операциялар, диагностика және паллиативтік көмек көрсетіледі. Алайда сәулелік терапия және онкологияның бірнеше түрі бойынша операция жасалмайтын. «Жаңа ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін, осы олқылықтың орны толады», – дейді мамандар.

Ғабиден Аханов, облыстық Көпсалалы ауруханасының директоры:

– Онкологиялық корпустың салынуы, мамандандырылған көмектің кеңейтілуі, сәулелі терапия дейміз, соның бәрінің мақсаты онкологиялық ауруларды алғашқы сатысында анықтап, ертерек көмек көрсету, ертерек емін алдырту, соған байланысты нәтиже көрсетіледі. Жаңағы өмір сүрулерінің деңгейлерін жақсартады, өмір сүру уақыттарын ұзартады.

Облыста кадр мәселесіне де көңіл бөлініп отыр. Бір жарым жылда мекемелердегі онколог дәрігерлердің саны үш есе көбейді. Әрі олар тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттырып жатыр. Қажетті құралдармен жабдықтау ісі алдағы жылы да жалғасады.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Нұрбол Үздікбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz