RU
Толық нұсқаға өту

Елде алаяқтарға алданған азаматтардың 5,6 млрд теңгесі қайтарылды

05.11.2026, 07:40 41

Бұл алаяқтармен күресте біраз нәтиже барын көрсетеді. Бірақ өзге елде отырып, айласын асыратындар көп. Құқық қорғау органдары осы себепті өзге мемлекеттердің тиісті органдарымен халықаралық ынтымақтастықты күшейтпек.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- 5,6 млрд теңге! Биыл алғашқы тоғыз айдың ішінде алаяқтарға алданған қазақстандықтардың осыншама қаражаты қайтарылды. Ішкі істер министрлігінің мәліметі осындай. Алаяқтардың кейбірі шетелде отырып-ақ, құйтырқы ойын іске асырады. Оларды қолға түсіру оңай емес. Сондықтан құқық қорғау органдары халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті.

Жандос Сүйінбай, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы:

- Қазір министрлік БҰҰ-мен бірлесіп, Астанада бүкіл Еуразия өңіріне қызмет ететін киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі Өңрлік орталық құру бастамасын талқылап жатыр. Біздің мақсатымыз – жай ғана тәжірибе алмасу емес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нақты нәтижелерге қол жеткізу.

Жиынға 27 мемлекет пен халықаралық ұйым өкілдері қатысты. Олардың айтуынша, қылмыстық топтар жасанды интеллектіні, анонимді цифрлық платформалар мен криптовалюталарды белсенді пайдалана бастаған. Ұрланған ақша санаулы минут ішінде бірнеше мемлекеттің шоттары арқылы өтіп үлгереді. Сондықтан киберқылмыспен күрес шараларын озық технологиямен қамту маңызды. Конференция аясында осы бағыттағы жаңа ІТ өнімдер таныстырылды.

Дәурен Салипов, MSSP.GLOBAL компаниясының директоры:

- Суber Аlan деген – портал ол. Мемлекетте цифрлық объектілерге киберқауіпсіздік бойынша ережелер бар. Соны олар сақтауы керек. Қазір барлық есеп автоматты түрде жиналған. Содан кейін сол есепке портал өзі анализін жасап, қателерді көрсетіп, комитет жұмысшыларына көрсетеді.

БҰҰ мен бірқатар мемлекет киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі өңірлік орталық құру бастамасын құптады. Дегенмен жоба әлі жан жақты пысықтауды талап етеді.

Ойкун Ильгын, Түркия ІІМ Киберқылмыспен күрес департаментінің бастығы:

- Астанадағы дәл осы маңызды конференцияға қатысқаныма қуаныштымын. Бұл бастама Түркия мен Қазақстанның киберқылмысқа қарсы күрес бағытындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ықпал етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімдімін.

Екі күнге созылған форум негізінде тараптар өзара іс-қимылды дамыту, жедел ақпарат алмасу, бірлескен тергеу амалдарын жетілдіру және мамандар даярлауға уағдаласты.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Медет Қуанышбеков

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz