Қазақстанда биыл инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытында 800-ден астам проблемалық мәселе шешілді. Соның нәтижесінде 115 инвестициялық жоба іске қосылып, 12,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл туралы 24KZ телеарнасына берген сұхбатында Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті басқарма бастығының орынбасары Жаннұр Ахметбек мәлімдеді.
Оның айтуынша, жыл басынан бері прокуратура органдары инвесторлардың 700-ден астам өтінішін қараған. Оның 286-сы бойынша өтініш берушілердің уәждері расталып, құқықтары қорғалды. Ал комитеттің өзі 263 өтінішті қараса, оның үштен бірі қанағаттандырылған.
Біз инвесторлардың өтініштерін қараумен ғана шектелмейміз. Республикадағы инвестициялық жобаларға прокурорлар бекітілген. Олар инвесторлармен тікелей байланыс орнатып, туындаған мәселелер мен әкімшілік кедергілерді анықтайды. Биыл осы жұмыстың нәтижесінде 800-ден астам проблемалық мәселе шешілді, - деді Жаннұр Ахметбек.
Жаннұр Ахметбектің сөзінше, аталған мәселелер бойынша қорғалған инвестициялық жобалардың жалпы құны 20 трлн теңгеден асады. Прокуратураның араласуымен бірқатар ірі жобаның тоқтап қалуына жол берілмеген.
Мәселен, Ақмола облысында экотуризм және ауыл шаруашылығы саласындағы жобаны жүзеге асырып жатқан инвестордың 16 мың гектардан астам жерін жер инспекциясы сот арқылы қайтарып алуға тырысқан. Прокуратура араласқаннан кейін талап арыздың заңсыз екені анықталып, күші жойылған. Осылайша, инвестор жобасын жалғастыруға мүмкіндік алған.
Тағы бір жағдайда Жамбыл облысындағы сингапурлық инвестор қатысқан, құны 50 млрд теңге болатын цемент зауытының жұмысына кедергі келтірілген. Жергілікті монополист кәсіпорынға берілетін электр қуатын шектеген. Прокуратураның араласуынан кейін монополистің әрекетінен заң бұзушылық анықталып, оған айыппұл салынып, тиісті нұсқама берілген. Нәтижесінде электр қуаты қалпына келтіріліп, зауыт жұмысын жалғастырған.
Комитет өкілі инвесторлар жиі кезігетін жүйелі кедергілерді де атады. Олардың қатарында жер телімін алу, инженерлік желілерге қосылу, рұқсат құжаттарын рәсімдеу және мемлекеттік сараптамадан өту мәселелері бар.
Біздің басты міндетіміз – жекелеген инвесторлардың мәселесін шешумен қатар, жүйелі проблемаларды анықтап, оларды түбегейлі жою. Бүгінде осы бағытта 16 жүйелі мәселе шешілді. Қалған мәселелерді реттеу үшін Үкімет деңгейінде тиісті жол картасы әзірленген, деді Жаннұр Ахметбек.
Сонымен қатар инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін жер беру рәсімдері жеңілдетіліп, мемлекеттік сараптамадан өту тәртібі оңтайландырылған. Инвесторлар ұлттық цифрлық инвестициялық платформадағы арнайы тізілімге енгізіледі. Бұл оларға прокурорлық сүзгі және «жасыл дәліз» сияқты құқықтық тетіктерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Сұхбат барысында дауларды сотқа дейін реттеу тетігінің жұмысы да сөз болды. Жаннұр Ахметбектің айтуынша, биыл шілдеде іске қосылған жаңа рәсім аясында комитетке 10-ға жуық өтініш түскен. Қазір олардың барлығы зерделеніп жатыр. Тиісті келісу рәсімдері аяқталғаннан кейін әр өтініш бойынша шешім қабылданады.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #инвестициялар #инвесторлар #мәселеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz