RU
Толық нұсқаға өту
фото: ЖИ

Шағын бизнеске үш жылдық жеңілдік: мораторий не өзгертеді?

05.11.2026, 12:44 40

Қазақстанда шағын және микробизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу ұсынылып отыр. Бастама кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, бизнестің дамуына мүмкіндік беруді көздейді. Алайда мораторий кезінде мемлекеттік бақылау қалай жүргізіледі және қандай жағдайда кәсіпкерлер тексерілуі мүмкін? Бұл туралы 24KZ телеарнасының «Қаржы нарығы» бағдарламасында айтылды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтарда елде 2 млн 175 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеген. Оның 71,6 пайызы – жеке кәсіпкерлер, ал 17,1 пайызы – шағын кәсіпкерлікке жататын заңды тұлғалар. Демек, бұл сала миллиондаған адамды жұмыспен қамтып, ел экономикасында маңызды орын алады.

Экономист Жанат Нұрғалиевтің пікірінше, мораторий кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің бір жолы болуы мүмкін. Сонымен қатар ол көмекті барлық салаға бірдей емес, нақты қажеттілікке қарай бағыттау керегін айтады.

Шағын және орта бизнесті қолдау үшін бізге уақытша мораторий керек. Қанша уақытқа енгізу қажет және қай салаларды қамтуы тиіс? Бұған дейін пандемиядан кейін де осындай мораторий болған. Екінші мәселе – әсіресе сауда саласында сұраныс төмендеп, кейбір кәсіпкерлер кәсібін жабуға мәжбүр болып жатыр. Сондықтан әр саланың жағдайын ресми статистика негізінде бағалап, нақты қолдауды қажет ететін кәсіпкерлерге көмек көрсету керек, – деді экономист Жанат Нұрғалиев.

Қазақстанда кәсіпкерлерді тексеруге шектеу қою тәжірибесі бұған дейін де қолданылған. Алғашқы мораторий 2003 жылы енгізіліп, кейін әр жылдары жалғасын тапты. Соның ішінде пандемия кезінде шағын және микробизнеске қатысты бақылау шаралары уақытша шектелген еді. Енді бұл мәселе қайта күн тәртібіне шықты.

Ұсынылып отырған бастама кәсіп иелерінің уақытын тексеріс пен құжат рәсімдеуге емес, өндірісті кеңейтуге, қызмет сапасын арттыруға және табысын көбейтуге жұмсауына мүмкіндік беруді көздейді.

Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің орташа жылдық саны мен табысына қарай бірнеше санатқа бөлінеді. Микрокәсіпкерлікке қызметкерлерінің саны 15 адамнан аспайтын немесе жылдық орташа табысы 30 мың АЕК-тен төмен субъектілер жатады. Ал шағын бизнес санатына жұмыскерлерінің саны 100 адамнан және жылдық орташа табысы 300 мың АЕК-тен аспайтын кәсіпорындар кіреді.

Дегенмен мораторий шағын және микробизнестің барлық тексерістен босатылатынын білдірмейді. Әсіресе тұтынушылардың қауіпсіздігіне, азық-түлік сапасына, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына қатысты бақылау мәселесі өзекті болып отыр.

Экономистің айтуынша, азаматтардан шағым түскен жағдайда тиісті нысандарды тексеруге болады.

Егер халықтан шағым түссе, мысалы, балабақшаға, мектепке немесе басқа да нысандарға қатысты болса, оны тексеруге болады. Ал халық тарапынан шағым болмаса, кәсіпкерге негізсіз кедергі жасалмауы керек, – деді Жанат Нұрғалиев.

Осылайша, мораторий енгізілген күннің өзінде мемлекеттік бақылау толық тоқтамайды. Негізгі міндет – кәсіпкерлерге артық әкімшілік кедергі келтірмеу мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету арасындағы тепе-теңдікті сақтау.

Ал тексерістің нақты қандай түрлері шектелетіні және қай салаларға қатысты ерекшеліктер болатыны заңнамалық шешімдер қабылданғаннан кейін белгілі болады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz