Елордада қосымша білім беру мекемелеріне ФЭЙС АЙ ДИ жүйесін орнату жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Заманауи құрылғылар қазір қаладағы екі мекемеде пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Алғашында тек мектептерде орнатылуы тиіс болған ФЭЙС АЙ ДИ, неге үйірмелер мен спорт сек-цияларына да міндеттелді?
Face ID – мекемеге келген адамның түр-әлпетін танып, кіріп шыққан уақытын автоматты түрде тіркейтін технология. Былтырдан бері бұл құрылғыға елдің алты аймағы мен Астанадағы қосымша білім беретін екі мекеме қосылып үлгірді. Жаңа жүйе орнатылғалы үйірме қызметкерлерінің жұмысы жеңілдеген.
Томирис Сапабекова, музыка мектебі студиясының әкімшісі:
- Сәуір айында Face ID орнатпас бұрын ата-аналармен келісім жүргізілді. Ешкім қарсы болмағандықтан орнатылған болатын. Жұмысымызды жеңілдетті десек болады. Бұл автоматты түрде толтырып отырады баланың сабаққа келуін. Бір айда қанша сабаққа қатысты, қалды, біз көріп отырамыз. Бұрынғыдай қағазбастылық жоқ десе де болады.
Құрылғының мектептерде ғана емес, үйірмелер мен спорт секцияларында болғанын ата-аналар да құптайды. Себебі баланың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс, дейді тұрғындар.
Меруерт Әлімқожа, ата-ана:
- Face ID-дың басты артықшылығы деп бірінші кезекте қауіпсіздік мәселесін айтар едім. Ата-ана үшін ең маңыздысы баланың бақылауда болғаны. Осы құрылғының арқасында оқушылар отырған мекемеге бөгде адамдардың кіре алмайтыны қуантады.
Әкімдік қызметкерлері цифрлық жүйені орнату арқылы осыған дейін ауадан ақша жасап келген кейбір қосымша мектептердің жолын кеспек. Себебі бірқатар үйірме сабаққа келмеген оқушыны келді деп, жалған есеп беріп келген көрінеді. Сондықтан Face ID қаржыны қадағалаудың тиімді тәсілі деп отыр.
Дидар Байтасов, Астана қаласы әкімдігі "Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының" басшысы:
- Егер Face ID-ға келіспеген жағдайда, QR код қарастырылған. Яғни баланың сабаққа қатысуын FACE ID сканерлеу арқылы, болмаса ұялы телефонмен QR код сканерлеу арқылы көзделген. Және осы есептік жүйенің жұмысы ҚР дербес деректерді қорғау заңы негізінде жүзеге асырылатын болады.
Қалалық әкімдік Face ID-ды жыл соңына дейін Астанадағы 600 қосымша білім беру мекемесіне орнатпақ. Электронды жүйеге тіркелетін 40 мыңнан аса баланың дербес дерегі заңмен қорғалады.
Авторлары Шерхан Абзалұлы, Жандос Битабаров
Тегтер #үйірме #Face ID #цифрлық бақылау #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz