Жаңаөзен қаласындағы ауыз су тапшылығы шешімін тапты, деп хабарлайды 24KZ.
160 мыңға жуық тұрғыны бар шаһарды «Кендірлі» тұшыту зауыты, үздіксіз тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отыр. Тәулігіне 50 мың текше метр су өндіретін кәсіпорын сәуір айында іске қосылды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асқан ауқымды жоба қысқа мерзімде салынды. Қазір зауыт толық қуатында жұмыс істеп тұр.
Кендірлі зауыты - Маңғыстауда ауыз су тапшылығын жоюға бағытталған ауқымды жобаның бірі. Кәсіпорын Каспий жағалауынан 730 метр қашықтағы жер астынан шыққан суды тұшытады. 11 метр тереңдіктен алынған тұзды су бірнеше кезеңді технологиялық сүзгілеуден өтеді. Құрамы пайдалы минералдармен байытылып, ішуге жарамды болады. Ауыз судың сапасына зертханалық сараптама тұрақты жүргізіледі.
Нұрболат Құлжанов, "Кендірлі су тұшыту зауыты" ЖШС технологы:
- Тазалау осы жерден басталады. Мына жерде бізде "DAF" деген қондырғымыз бар. Сол арқылы өтіп, осы зауыттың сыртында резервуарларымыз бар. Соларға жиналады. Ультрасүзгілеу қондырғыларымыз бар, сол жерден өтеді. "Кері осмос" қондырғымыз бар, сол жерден әрі қарай минералдау цехына барады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен отандық мұнай-газ операторы салған тұшыту зауыты Жаңаөзенді оған іргелес Рахат, Теңге және Қызылсай ауылын да сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Жаңа кәсіпорынның құрал-жабдығы Еуропа, АҚШ, Жапония және Қытайда өндірілген. Тоқсанға жуық маман 14 күндік жұмыс кестесімен қызмет атқарады. Барлығы да жергілікті тұрғын.
Мақсат Ибағаров, "Кендірлі су тұшыту зауыты" ЖШС Бас директоры:
- 2021 жылы қыркүйек айында Қазақстан Президентінің тапсырмасымен осындай су тұшыту зауыты салынуы керек, ол мына Жаңаөзен қаласының су тапшылығын жабу керек деген мәселе болды. Қазіргі таңда ол іске асты. "Өзенинвест" мекемесімен келісім-шартпен қостық. Осы жылы ешқандай кестемен беру, суды тоқтату, су болмайтын кезі болған жоқ.
Зауыттан қалаға дейін магистральды су құбыры тартылып, Жаңаөзен-Кендірлі бағытындағы трассаға қосатын ұзындығы 40 шақырымдық қатқыл табанды жол төселген. Алдағы уақытта асфальт жабынды қабаты салынады. Жалпы осы айда Жаңаөзенге 8 мың текше метр ауыз су берілмек.
Авторлары Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев
Тегтер #Жаңаөзен #ауыз су мәселесі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz