Биыл Жамбыл облысында интернет-алаяқтықпен айналысқан 88 адам ұсталды.
Көбі арзан бағамен тауар сатамын деп алдаса, енді бірі қайтарымсыз грант алып беруге уәде берген. Жалпы 10 айда облыста 787 алаяқтық дерегі тіркелді. Бұл қылмысты ашу қиын. Күдіктінің көбі алыста отырып, халықтың қалтасын қағып жатыр.
30 жастағы Айнұр осыдан екі ай бұрын интернет-алаяққа алданып қалды. Әлеуметтік желіден «арзан алтын сатамыз» деген жарнаманы көріп, сатушымен байланысқа шығады. Олар тауарды нарықтағы бағасынан екі есе арзанға ұсынған. Тиімді ұсынысқа қызыққан Айнұр белгісіз шотқа 400 мың теңгесін аударып жіберген. Алайда ақшаны алған соң сатушылар байланысқа шықпаған.
Айнұр, қала тұрғыны:
- Алданып мен заказ бергім келді. Ол кісілер менен 400 мың теңге алдын ала төлем сұрады. Ол кісілер айтқан номерге аудардым. Одан кейін ол кісілер байланыстан жоқ болды. Мені ватсапта блоктап тастады. Одан кейін мен полицияға арыз жаздым. Ол кісілер 1 аптаның ішінде ақшамды қайтарып берді. Сөйтсем, оларға алданғандар көп екен. Алаяқ екенін білдім.
Былтыр Айнұр секілді 1086 тұрғын алаяқтардың арбауына түссе, биыл 787 адам алданған. Мәселен, алаяқтардың бірі өзін жүк тасымалдау компанияның басшысы ретінде таныстырып, шаруалардың жем-шөбін Ауғанстанға жеткізіп беруге уәде берген. Оған сенген шаруалар 22 миллион теңгесінен айырылып отыр. Сондай-ақ шетелдік интернет-алаяқтарға SIM-карта тіркеп беріп отырған күдіктілер де анықталды.
Сағи Романов, облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
- Жүргізілген жедел-іздестіру шарасының нәтижесінде интернет алаяқтық дерегімен кәсіби айналысып жүрген 88 тұлға анықталып, жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар сим карталарды белсенді тіркеумен айналысатын 18 тұлға анықталып, 700-ге жуық сим карта тәркіленіп алынды. Интернет-алаяқтық дерегі бойынша ауырлық санатына сәйкес 3 жылдан 5 жылға дейін және де 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жауапкершілігі көзделген.
Кибералаяқтар әлеуметтік желі мен телефон арқылы байланысқа шығып, түрлі айла-тәсілмен тұрғындардың ақшасын иемденеді. Әсіресе жалған инвестициялық жобалар, арзан тауарлар мен мемлекеттік төлемдерге қатысты ұсыныстар жиі кездеседі. Жан-жақты ақпараттық түсіндіру жұмыстарына қарамастан тұрғындар алаяқтардың арбауына жиі түседі.
БЛИЦ:
1) Сөйлеспей қою керек. Қазір өте қиын жағдай. Ондай көп адамдарды көргем, 5-6 млн теңгеге кіріп кеткен алданғандар. Сол "код айт" дегенде айтпау керек. Өшіріп тастау керек.
2) Менің ойымша, сөйлемеу керек. Өйткені “да”деп қойсаң кредит алып қоюы мүмкін. Запиське салып. Көп нәрсе бар ғой.
3) Мен светтенмін дейді, суданмын дейді. Свет бізде қазір картамен ғой. Оның несін тексереді? Ертең келемін дейді. Қойып қойсаң қайтадан звандап ұрсады. Неге қоясың дейді. Бірден білесің.
Қылмыстың алдын алу үшін өңірде интернет-алаяқтыққа қарсы мекемеаралық киберпол басқармасы жұмыс істеп тұр. Мекеме алаяқтардың шоттарын анықтап, бұғаттап, шығындарды қайтарумен айналысады. Қылмыстың алдын алу үшін биыл облыс тұрғындарымен 499 кездесу өтіп, 35 мыңнан астам ақпараттық парақша таратылды.
Авторы Мерей Бает
Тегтер #Жамбыл облысы #интернет алаяқтық #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz