RU
Толық нұсқаға өту

Жолдау-2026: Логистика тамырына қан жүгіреді

06.11.2026, 13:30 55

Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында Еуразиядағы жетекші логистикалық орталықтың біріне айналуы үшін тарихи мүмкіндікті, мүлт жібермеуді жүктеді.

Президент пәрменінен кейін қандай байыпты бағдарламалар іске қосылып, қандай жоба-жоспарлар жүзеге асады? 

Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Қостанайдағы ең ірі құрылыс нысандарының бірінде тұрмыз. Бұл – жылына 400 мың контейнерді өңдеуге қауқарлы құрғақ порт. Жоба жүзеге асқан жағдайда аймақтың жүк тасымалының көлемі 20% артады деп күтілуде. Тағы бір айта кетерлігі, 500 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады.

Енді елдегі ең ірі ішкі порт Қостанай қаласында болады. Алдағы екі жылда «Тобыл» көлік-логистика кешенінің құрылыс аяқталмақ. Жобаның келешегінен күтер үміт көп. Құрғақ порт Қытай, Орталық Азия, Түркия, Иран, Ауғанстан және Еуропа елдерімен жүк тасымалын байланыстырады. Сондықтан жаңа хаб стратегиялық бағытта маңызды. Құрғақ порт қазірдің өзінде Қытайдан келген контейнерлерді бос қайтармай, өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа жөнелтуге пайдаланылып жатыр.

Айдын Әлімов, Құрғақ порт директоры:
- Біздің Қостанай облысында бұндай терминалдар жоқ. Біздің Қазақстанды алсақ,
Батыс жақта Ақтау порты бар. Оңтүстікті алсақ, Алтынкөл порты бар. Ал бұл жерде Северная ворота деп өзіміз айтамыз. Яғни Солтүстіктегі жалғыз құрғақ порт болып тұр.

Қостанайдағы терминал бір ғана мысал. Қазақ даласы – құс ұшса қанаты талатын кең атырап. Бүгінде ел аумағы арқылы 12 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оның 5-еуі – теміржол, 7-еуі – автомобиль дәлізі. Алайда бармен базар болуға болмайды. Тоқмейілсіп отыру болашақта көш соңында қалуға әкелетінін Мемлекет басшысы Жолдауында айтты.

Сондықтан Үкіметке логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажеттігін тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құруымыз керек. Бұл – стратегиялық міндет.

Президент өз сөзінде логистика тамырына қан жүгірту үшін инфрақұрылымды дамытуға баса мән беру қажеттігін айтты. Бұл бағыт бойынша жыл соңына дейін қос бірдей теміржол жобасы аяқталады. Бұл – «Дарбаза – Мақтаарал» және «Қызылжар – Мойынты» құрылысы. 3 мың шақырым теміржол желісі жаңғыртылатыны тағы бар. Ал автомобиль жолдарының 95 пайызы талапқа сай болуы тиіс. Сондай-ақ көлік-логистикалық орталықтарының саны 67-ге жетеді.

Жайнар Әсілбекова, ҚР Көлік министрлігі көлік саясаты департаментінің басқарма басшысы:
- Қазіргі таңда Қазақстан үшін өте маңызды болып табылатын ол – транзиттік әлеуетті пайдалану. Осы мәселеге қарасақ, өткен жылдың көрсеткіші бойынша 39 млн тонна жүк тасымалданды 13% өсіпті. Осы біздің жалпы инфрақұрылымдық әлеуетіміз 100 млн тоннадан асуға мүмкіндік бере алады.

Логистика мәселесіне қатысты үн қатқан сала сарапшылары жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестік төмен деп санайды. Жеке дара жүрген тасымалдаушылардың басын біріктіріп, ірі қауымдастықтар құру керек деп отыр.

Сәуле Бекежанова, ALT UNIVERSITY Логистика және бизнес департаментінің профессоры, техника ғылымдарының докторы:
- Біздің тасымалдаушылар, әсіресе автокөлікпен, олар жеке компаниялар, олардың көліктері азғантай және ескірген. Шетелдік көліктер жаңа және олардың тасымалдаушылары операторға сәйкес екі жаққа да жүкті тауып береді. Бізге енді біздің тасымалдаушыларға мүмкін бір ассоциация құру керек шығар
.

Мемлекет басшысы логистикада аяққа тұсау, қолға байлау болып тұрған бірқатар маңызды мәселені атады. Тоқсан тарау, сексен саланы қамтитын ведомство басшысын ауыстырды. Су жаңа министрге Премьер-министрдің орынбасары қызметін қоса ұстатты. Осыдан-ақ саланың қаншалықты күрделі әрі үлкен өзгеріс күтіп тұрғанын аңғаруға болады.

Авторы: Шерхан Абзалұлы, Самат Қазанбаев

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz