Мемлекет басшысы қалаларды халыққа қолайлы әрі қауіпсіз ету, инфрақұрылымды дамыту міндетін қойды. Бұл бағытта Түркістанда жаңа әлеуметтік нысандар салынып, саябақтар мен жолдар жаңартылып жатыр. Қалада биыл 37 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 42 нысанның құрылысы аяқталған. Алдағы жылы тағы бірнеше ірі жобаның құрылысы басталады. Бұл туралы Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Айдос Тоғызбаев 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.
Президенттің «Халықтық құрылыс» бастамасының негізгі мәні – ел игілігіне қызмет ететін нысандарды салып қана қоймай, олардың халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Түркістанда да құрылыс пен инфрақұрылымды дамыту кезінде осы міндеттерге басымдық беріліп отыр.
2026 жылы қалада жоспарланған 47 нысанның 42-сі пайдалануға берілді. Қалған бес нысанның құрылысы келесі жылға өтеді. Олардың қатарында облыстық емхана мен перзентхана бар. Бұл нысандар келесі жылы қолданысқа беріледі, – деді Айдос Тоғызбаев.
Ал 2027 жылы Түркістанда Түркі өркениеті орталығының «Түркістан шоу аренасы» мен «Түркістан қабылдау үйінің» құрылысы басталады. Бұдан бөлек, Қазақ-Корей университетінің әкімшілік ғимараты, заманауи өнер мұражайы, инклюзивті спорт орталығы және Бекзат Саттарханов атындағы мектеп-интернат салу жоспарланған.
Тұрғын үй құрылысы да жалғасады. Биыл қалада 1 576 пәтерден тұратын 37 тұрғын үй пайдалануға берілген. Келесі жылы тағы 594 пәтерді қамтитын тұрғын үйлерді тапсыру көзделіп отыр.
Қала тұрғындары үшін қоғамдық кеңістіктердің қолжетімді болуы да маңызды. Түркістанның алты секторында шағын саябақтар бар. Сонымен қатар Астана саябағы мен айналма жол бойындағы желілік саябақтардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Қалада спортпен шұғылдануға арналған нысандар да дамып келеді.
Жаңа қалада Есу арнасы ашылған. Қазір мұнда триатлон жарыстары өтіп жатыр. Қазақстан спортшылары жыл он екі ай бойы жаттығуы үшін барлық жағдай жасалған, – деді Айдос Тоғызбаев.
Қазір Түркістанда жалпы ұзындығы 845 шақырым болатын 875 көше бар. Олардың 67 пайызына жөндеу жүргізілген. Биыл жол жөндеу көрсеткішін 80 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта 173 көшенің 150 шақырымында жұмыс жүргізу көзделген. Қазіргі уақытта 48 көшеде жөндеу жүріп жатыр.
Сондай-ақ биыл инженерлік инфрақұрылым бойынша бес нысанда жұмыс басталып, екеуі аяқталған. Қалған үш жоба келесі жылы тапсырылады. Олардың қатарында индустриялық аймақты кеңейту, «Нұртас» тұрғын үй кешеніне инженерлік желілер тарту және Баянауыл аумағында сумен жабдықтау мен кәріз жүйесін жүргізу бар.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #Түркістан #халықтық құрылыс #жолдау 2026 #құрылысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz