Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың, кәсіпкерлер мен инвесторлардың мүддесін қорғауды қамтамасыз ететін жаңа Азаматтық кодекс әзірлеуді тапсырды.
Құжат болашақ экономиканың құқықтық негізіне айналуы тиіс. Заңгерлер осылай дейді.
Мамандардың айтуынша, жаңа Азаматтық кодекс әзірлеудегі басты мақсат - меншік құқығын қорғау және шарттық қатынастардың тұрақтылығын нығайту. Жаңа Конституция мүліктің барлық түрін тең қорғауға кепілдік береді. Осы қағиданы дамыту мақсатында меншік иелерінің кепілдігін күшейту, адал сатып алушылардың құқығын қорғау және шарттық міндеттемелерді орындаудың сенімділігін нығайту маңызды.
Марат Башимов, ҚР Құрылтайының депутаты:
- Жаңа Конституцияны қабылдады. 30 жыл ішінде өзгерістер көп болды. Жеке құқықтар бар, жеке мүлік туралы, қарым-қатынастар өзгеріп кетті. Сол үшін жаңа қарым-қатынастар болғаннан кейін осы салада Президент қазіргі заманға сәйкес келетін жаңа Азаматтық кодекс керек деп айтты. Өйткені теңдік, әділеттілік деген принциптер Азаматтық кодексте бірінші орында тұруы керек.
Заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Абдрасуловтың айтуынша, өткен ғасырда қалыптасқан ұғымдар мен баптардан құтылу керек. Өйткені бүгінде көп атаудың өзектілігі жойылып барады.
Ермек Абдрасулов, заң ғылымдарының докторы, профессор:
- Біз субъектілерге келетін болсақ, право хозяйственного ведения, оперативное управление дейміз орысша. Бәрі жазылып кеткен, қазір олар жоқ болып жатыр. Көп компаниялар пайда болып жатыр. Мысалы, Еуразия ұлттық университеті коммерциялық емес акционерлік қоғам деп айтамыз. Ал кезінде олар осындай болды. Оның бәрі Совет кезінен келген.
Жаңа Кодексті әзірлеу қолданыстағы заңнаманы, сот практикасын және жаңа конституциялық ережелерді кешенді талдауға негізделуі тиіс. Бұл жұмысты депутаттық корпус, ғылыми қоғамдастық, тәжірибелі заңгерлер мен бизнес өкілдері бірлесіп жүргізуі қажет. Қала тұрғындары мен қонақтарының пікірін тыңдап көрейік.
БЛИЦ:
- Мүлікті қорғау мәселесі өте өзекті. Тұрғындар мен кәсіпкерлердің мүлкін қорғау дұрыс деп ойлаймын.
- Менің түсінігімде азаматтардың құқығы жақсы қорғалып жатыр. Қазіргі жағдайды өте жақсы деп бағалаймын. Адамдардың өзінде қабілет болса, жақсы өмір сүруге толық мүмкіндігі бар. Оған да сабырлық керек деп ойлаймын.
- Бразилиядан Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Жалпы кез келген елде Азаматтық кодекс маңызды құжат саналады. Өйткені бірінші кезекте мұнда азаматтардың әр саладағы құқығы қорғалады. Бразилияда да бұл тақырып өзекті. Мәселен, жуырда елімізде адамдардың жаман әдеттерге деген құмарлығын шектейтін бірқатар заң қабылданды. Бұл да азаматтардың құқығын қорғау саналады.
Жаңа құжат азаматтардың құқығын жан-жақты қорғайтын және экономиканы одан әрі дамытуға іргелі негіз қалыптастыратын басты құралдардың бірі болуы тиіс. Сарапшылардың пікірі осындай.
Авторы Мирлан Алтынбек
Тегтер #Жолдау 2025 #азаматтық кодекс #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz