Павлодар облысында тағы бір өрт сөндіру бөлімшесі ашылды. Бұл – ел бойынша «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясында құрылған 310-шы ерікті өрт сөндіру тобы, деп хабарлайды 24KZ.
Жоба жергілікті әкімдік, кәсіпкерлер мен Төтенше жағдайлар департаментінің бірлесе қолға алуымен жүзеге асты.
Ертіс ауданының Қызылқақ ауылы облыс орталығынан 300 шақырым қашықта жатыр. Алақандай ауылда 260 адам тұрады. Биыл жаңа мектеп қолданысқа берілді. Енді міне өрт сөндіру бекеті ашылып отыр.
Нұржан Усин, шаруа қожалығының басшысы:
– Өрт қауіпсіздігіне енді алаңдамаймыз. Себебі ауылымызға өрт сөндіруге арналған арнайы көлік берілді. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Ауылымыз жыл сайын көркейіп, дамып келеді. Біз де оның дамуына өз үлесімізді қосып жүрміз. Болашағымызға сеніміміз мол.
Бір қабатты ғимарат қызмет атқаруға қажетті барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Мұнда диспетчерлік бөлме, демалуға және тамақтануға арналған орындар, сондай-ақ санитарлық бөлмелер бар. Ғимарат қатты отынмен жылытылады, ал су орталықтандырылған жүйе арқылы беріледі.
Асқарбек Омаров, облыстық ТЖД Жоспарлау және жедел басқару орталығының бастығы:
– Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру бекетін қызмет атқаруға қажетті барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етті. Атап айтқанда, өрт сөндіру автоцистернасы, арнайы киімдер мен байланыс құралдары берілді. Сонымен қатар осы бекетте жұмыс істейтін жергілікті тұрғындар қажетті оқу-жаттығудан өтіп, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге дайын.
Павлодар облысында қазір «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ашылған 14 өрт сөндіру бекеті жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта тағы 16 бекет қолданысқа енеді. Бұған қоса, бұрыннан жұмыс істеп тұрған 17 өрт сөндіру құрылымы жаңартылып, жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Мұның бәрі ауылдардағы өрт қауіпсіздігін күшейту үшін жасалып жатыр. Әсіресе шалғай ауыл тұрғындары үшін бұл маңызды. Өрт немесе басқа да төтенше жағдай туындаған жағдайда көмек дер кезінде жетеді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков Павлодар
Тегтер #24KZ #өрт сөндіру бекеті #Павлодар облысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz