Бурабайда көпфункционалды конгресс-орталығының алғашқы қазығы қағылды. Заманауи талапқа сай нысанның құрылысы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынды, деп хабарлайды 24KZ.
Жоба құны – 20 млрд теңге. Мың адамға арналған конгресс-орталық республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық және мәдени шараларды өткізуге мүмкіндік береді.
Бурабайға жылына млн-даған адам саяхаттап келеді. Курортты өлкеде кең көлемдегі басқосулар мен алқалы жиындар жиі ұйымдастырылады. Сондықтан бірінші кезекте осындай ірі кешеннің салынуы сала мамандарын қатты қуантып отыр.
Шынарбек Батырханов, Туризм және демалыс индустриясы қауымдастығының төрағасы:
– Көп жыл бойы Бурабай жерінде туристік жәрмеңкелер, слёттер мен фестивальдер өткізіліп келеді. Бұған дейін мұндай іс-шараларды спорт залдары мен мейрамханаларда ұйымдастыратынбыз. Енді, міне, бүгін қарасаңыздар, осы үш гектар аумақта 1200 шаршы метрлік үлкен конгресс-орталық ашылғалы жатыр. Бұл – біз үшін үлкен жетістік.
Конгресс-орталықта бір мезетте 500 адамды қабылдайтын мультимедиялық зал мен көрме алаңдары болады. Оған қоса, 10 мың жәдігер сақталатын мұражай да ашылмақ. Екі жарым мың адамды қамтитын түрлі шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді. «Айталық, жаңа нысан курорты өлкенің туристік һәм экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді», – дейді өңір басшысы.
Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
– Бұл жерде қосымша жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар оқиғалы туризмді дамытуға мүмкіндік туады. Белгілі бір әншілер келген кезде еліміздің түкпір-түкпірінен туристер келеді. Оларға қонақүй, тамақтану орындары қажет. Сондықтан бұл – Бурабай курортының дамуына оң серпін беретін үлкен жоба.
Бұдан бөлек, Щучинск қаласында қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының құрылысы басталады. Жоба бойынша 4 оқу-жаттығу трамплині, 300 орындық мектеп-интернаты және 3 мың орындық мұз аренасын салу жоспарланып отыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный
Тегтер #24KZ #жарнама #конгресс #құрылыс жұмыстары #Бурабай #Ақмола облысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz