Әзербайжан Республикасының Баку қаласында өрт сөндіру-құтқару спортынан ерлер арасындағы XXI және әйелдер арасындағы XII әлем чемпионаттарының қорытынды жарыс күні өтті, деп хабарлайды «24KZ» ҚР ТЖМ сілтеме жасап.
Чемпионаттардың қорытынды кезеңі ұлттық құрамалар үшін соңғы сынақ болған «Жауынгерлік қанат жаю» дисциплинасы бойынша өткізілді. Жарыстың барлық күндерінде спортшылар жоғары кәсіби және физикалық дайындықтарын, командалық үйлесімділігін және үздік нәтижеге қол жеткізуге деген ұмтылысын көрсетті.
Жарыстың соңғы күні әлемнің ең мықты құрамалары арасында тартысты бәсеке өрбіді. Әр команда жоғары дайындық деңгейін, шеберлігі мен жеңіске деген жігерін танытты.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының ерлер құрамасы 24,52 секунд нәтижесін көрсетіп, чемпионаттың алтын медальдарын жеңіп алды және жаңа әлемдік рекорд орнатты.
Екінші орынды 25,08 секунд нәтижесімен Моңғолия құрамасы, үшінші орынды 25,45 секунд нәтижесімен Өзбекстан құрамасы иеленді.
Чемпионат барысында спортшылар әр секунд үшін күресіп, жоғары шеберліктерін, төзімділіктері мен командалық рухтарын көрсетті.
Осылайша, Қазақстанның ерлер және әйелдер ұлттық құрамалары әлемнің үздік үш командасының қатарына еніп, өрт сөндіру-құтқару спортынан ерлер арасындағы XXI және әйелдер арасындағы XII әлем чемпионаттарының жалпыкомандалық есебінде қола жүлдеге ие болды.
Әлем чемпионаттарының аяқталуы әртүрлі елдердің өрт сөндіру-құтқару спортындағы үздік өкілдерін біріктірген төрт күндік тартысты спорттық бәсекенің жарқын қорытындысы болды.
Қазақстан үшін ерекше жетістік – ерлер құрамасының «Жауынгерлік қанат жаю» дисциплинасы бойынша тарихи жеңіске жетіп, жаңа әлемдік рекорд орнатуы.
Қазақстандық спортшылар отандық өрт сөндіру-құтқару спортының жоғары деңгейін және әлемнің ең мықты құрамаларымен бәсекеге түсе алатын әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Алтын медальдар, жаңа әлемдік рекорд және жалпыкомандалық есептегі екі қола жүлде – Қазақстан ұлттық құрамаларының әлемдік аренадағы лайықты жетістігінің айқын көрінісі!
Тегтер #өрт сөндіру #Қазақстан құрамасы #әлем чемпионаты #рекордтық көрсеткішPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz