RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда 500-ге жуық сарбаз әскери ант қабылдады

08.11.2026, 18:00 50

Алматыда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қатарын толықтырған 500-ге жуық жас сарбаз ант берді. Іс-шара Ақжар шағын ауданындағы техникалық және кәсіби даярлық бөлімінде өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Оған шекарашы ардагерлер, офицерлер мен жауынгерлердің ата-аналары қатысты. Сап түзеген сарбаздар еліміздің түкпір-түкпірінен келген. Олар бір айдан астам уақыт дайындық курстарынан өтті. Алда тағы бірнеше ай қажетті әскери мамандықтарды меңгереді. Аспаз, байланысшы және алғашқы медициналық көмек көрсетуге машықтанады. Одан кейін шекара шебіне жіберіледі. Салтанатты шарада арнайы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобы әскери қоян-қолтық ұрыстан өнер көрсетті.

Марғұлан Көлен, сарбаз:

– Бүгін – мен секілді жас сарбаздардың әскери ант қабылдау күні. Әр адам өмірдегі Отан алдындағы борышын өтеп және соны салтанатты түрде қабылдауы – бұл үлкен бақыт. Қуаныш сезімі, мақтаныш сезімі өте үлкен. Өйткені менің әкемнің өзі шекарада Отан алдындағы борышын өтеген. Ол мен үшін бір абырой.

Талғат Табылдиев, ҚР ҰҚК Қарасай ауданы бойынша Шекара басқармасы бастығының орынбасары:

– Бұл әр жауынгерге ерекше мереке деп есептеймін. Әр жауынгер ант қабылдап, өзінің мемлекетінің, халқының алдында борышын атқару – әр азаматтың міндеті, борышы.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz