RU
Толық нұсқаға өту

Атырау облысында 15 млн бекіре өсіретін шаруашылық ашылды

09.11.2026, 08:20 69

Атырау облысында жылына 15 млн бекіре, 120 тонна тауарлы балық өсіретін шаруашылық ашылды. Мұнда бекіре тұқымдас балықтың 4 түрі, оның ішінде тұқымы жойылып кеткен пілмай бар. Құны 3,5 млрд теңге болатын инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін кәсіпкер мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен несие алған. 

Жалпы облыста жасанды тоғанда балық өсіру бойынша 8 жоба жүзеге асып жатыр.  Оның төртеуі – Махамбет ауданында.

Шаруа қожалығы биыл мамыр айынан бастап бекіре тұқымдастардың шабағын өсіре бастады. Тоғандарда 130-дай аталық және аналық бекіре балығы бар.

Мұса Сұлтанғалиев, «Адана» шаруа қожалығының жетекшісі:

- Жайық-Каспийге осының шабақтарын жіберіп, соның шабақтарын көбейту үшін негізі қолға алынған жоба. Енді қазір іске қосқан жағдайда 15 млн шабақ шығарып, 120-130 тонна тауарлы балық шығарамыз. Жергілікті әкімшілік бізді қолдап жатыр. Бұл балықтарды өсіруге осы жерден көлді берді, бекітіп. Енді амандық болса, келесі жылы шабақтарымызды жібереміз.

Бұл – мамыр айында орыс бекіресінің уылдырығынан өнген шабақтар. Қазір алғашқы 150 мыңнан астам шабақ өсіп жетіле бастады.

Айдын Ілияс, ихтиолог:

- Қазіргі таңда ұзындығы 15-25 см, ал салмағы 50-80 грамм арасында. Өзіміз тәжірибе үшін шығарған шабақтарымыз. Бірақ келесі жылда өзіміздің көзделген 15 млн шабақтарымызды толық шығара аламыз.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Бұл – көріп тұрғандарыңыз бекіре тұқымдастарына жататын пілмай балығы. Жалпы пілмай бүгінде Жайық-Каспий бассейнінде мүлдем жойылып кетті деп айтуға болады. Сондықтан шаруашылықтар оны қолдан көбейтуге жұмыстанып жатыр.

Осындай жабық бассейндер мен тұйық тоғандарда өсірілген балықтың бағымы келіссе, шығынсыз өнім береді. Балық шаруашылығына маманданған кәсіпорындар бүгінде бекіре тұқымдастарды жаппай көбейте бастады.

Олжас Мырзабаев, аудандық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Махамбет ауданында балық өсіруге арналған оған қосымша 4 жоба бар. Қазір тоғанда балық өсіру бойынша жобалармен жұмыс жасап жатыр. Катлавандарын қазып, ішіне балықтарын жіберді. Шаруашылықтар қосымша жеңілдетілген несиеге өз сұраныстарын жіберіп жатыр.

Облыста балық шаруашылығын дамытуға бағытталған құны 25 млрд теңге болатын 8 жоба жүзеге асырылып жатыр. Биыл өңірде балық қорын молайту, әсіресе бекіре тұқымдас балықты көбейту бағытында Жайық өзеніне 4 млн-ға жуық шабақ жіберілді.

Авторы: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz