RU
Толық нұсқаға өту

Қарағанды облысында тоғыз айда мүгедектігі бар 1000 адам жұмыспен қамтылды

09.11.2026, 08:30 43

Өңірде мұндай жандарға арналған 13 арнайы жұмыс орны ашылды. Осылайша, есту, көру және тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар еңбек етіп, табыс тауып отыр.

Ал оларды қабылдаған жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. 

Бұл тігін цехында тау-кен, металлургия, құрылыс және энергетика саласының мамандарына арналған қысқы және жазғы жұмыс киімдері тігіледі. Валентина Сопруненконың тігінші болып жұмыс істеп жүргеніне алты ай болды. Бұрыннан ісмерлік тәжірибесі болғандықтан, жаңа жұмысқа тез бейімделген.

Валентина Сопруненко, тігінші:

- Жұмысты Мансап орталығы арқылы таптым. Мұнда ұжым өте жақсы, бір-бірімен тату. Маған жұмысым ұнайды. Арнайы киім тігемін. Цехта барлық қажетті жағдай жасалған, сондықтан өзімді жайлы сезінемін.

Мұнда еңбек етіп жүрген 30 адамның төртеуі – мүгедектігі бар жандар. Жұмысшылардың денсаулық ерекшеліктері ескеріліп, жұмыс орындары арнайы жабдықталған. Ал жалақысы мемлекет тарапынан субсидияланады.

Владимир Ким, DEDAL ЖШС директорының орынбасары:

- Әрине, біз осында жұмыс істейтін мүгедектігі бар жандарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп отырамыз. Бүгінгі таңда мұндай жандарды назардан тыс қалдырмай, қолдау көрсетіп отыру – ел көлемінде қалыптасқан үрдіске айналды. Біз де көштен қалмай, мүгедектігі бар жандарды жұмысқа қабылдадық. Олардың білім мен кәсіби дағдыларды меңгеруге деген құлшынысы зор. Жұмысты өте сапалы, әрі тиянақты істейді.

Облыс бойынша жыл басынан бері мансап орталықтарына мүгедектігі бар 2093 адам жүгінген. Олардың жартысынан көбі жұмысқа орналасты. Бұл ретте кәсіби дағдылары мен денсаулық жағдайы ескеріле отырып, бос жұмыс орындары ұсынылады. Қажет болған жағдайда олар қысқа мерзімді оқуға жіберіледі. Сонымен қатар Qoldau орталығы арқылы  қосымша көмек көрсетіледі.

Нұржан Сыздықов, Еңбек мобильділігі орталығының басшысы

- Qoldau орталығы ашылған болатын. Ол жаңағы жыл басынан бері осы облыс бойынша біз Job Coach бағдарламасы бойынша 20 маман оқытқан болатынбыз. Бұл жаңағы ашқан себебіміз – бұл жердегі мүгедектігі бар адамдарға нақты жұмыс жасауға бағыт-бағдар беру.

Биыл еліміздегі мансап орталықтарына жұмысқа орналасуға көмек сұрап, мүгедектігі бар 29 500 адам жүгінген. Мемлекеттік қолдаудың арқасында олардың 10 мың 800-і жұмысқа орналасты. Сонымен қатар мүгедектігі бар жандар үшін  өңірлерде 47 арнайы жұмыс орны ашылды.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz