RU
Толық нұсқаға өту

СҚО-да аудан мектептерінде агросынып ашылды

09.11.2026, 09:30 48

Солтүстік Қазақстан облысының 7 ауданындағы мектептерде агросынып ашылып жатыр. Агросынып ауыл шаруашылығына қажетті маманды мектеп қабырғасынан бастап даярлайды.

«Саладағы кадр тапшылығын шешуге септігін тигізеді», - дейді мамандар. Тиімді жоба Қазақстанның 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспары аясында жүзеге асып жатыр. Мұндай сыныптарды Ақмола және Қостанай облыстарында да  ашу жоспарланып отыр.

10-сынып оқушысы Роман Бойко болашақ мамандығын ауыл шаруашылығымен байланыстырады. «Университетті аяқтаған соң ауылыма оралып, еңбек етемін», - дейді.

Роман Бойко, оқушы:

- Қазір тұрғындар ауылдан қалаға кетіп жатыр. Алайда ауылда да жұмыс істейтін мамандар қажет. Егер жастар жаппай көшіп кетсе, кәсіпорындарда жұмыс күші жетіспейді. Тіпті жабылуы мүмкін. Сондықтан мен білім алып, туған ауылыма қайта ораламын. Дамуына үлес қосамын. Осында мен жұмыс істегім келетін кәсіпорын бар.

Ауыл шаруашылығы саласында кадр тапшылығы өзекті мәселе. Мамандардың айтуынша, ерте жастан бастап баланың бұл бағытқа деген қызығушылығын ояту керек. Осы орайда Қызылжар ауданы Якорь орта мектебінде агросынып ашылды. Мұнда оқушылар аграрлық бағытта білім алып, тәжірибе жинақтайды.

Замира Шәкірова, Якорь орта мектебінің директоры:

- Қазір ауыл шаруашылығы саласында агрохимик, агроном, технолог және зертханашы сияқты мамандарға сұраныс жоғары. Біз жергілікті шаруашылықпен және Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен меморандумға қол қойдық. Оқушылар кәсіпорында тәжірибеден өтеді. Ал университет зертханаларында заманауи жабдықтармен жұмыс істей алады.

Агросынып оқушылары ғылыми зерттеулермен де айналысады. Мысалы, жергілікті шаруалардың тыңайтқышты шамадан тыс пайдаланып, шығынға ұшырауы оқушыларға ой салған. Осы мәселенің шешімін табу үшін олар мұғалімдерімен бірге «Агрооптимизатор» жобасын әзірледі. Жүйе егіс алқабына қажетті тыңайтқыш мөлшерін есептеуге мүмкіндік береді.

Инна Хадисова, Якорь орта мектебінің мұғалімі:

- Жүйеге егіс алқабының көлемін, өсірілетін дақыл түрін және тыңайтқыштың бағасын енгізу қажет. Бағдарлама қажетті мөлшерді есептеп, шығын мен күтілетін пайданы көрсетеді. Оны Python бағдарламасы және Telegram-бот арқылы қолдануға болады. Жоба нәтижесінде 3 мың гектар жері бар шаруашылық шамамен 3 миллион теңге үнемдейді. Бұл тыңайтқышты артық пайдаланбай, топырақ құнарын сақтауға мүмкіндік береді.

Жалпы пилоттық жоба өңірдің жеті ауданында іске асып жатыр. 9-10-сыныптың 120-дан астам оқушысы агрономия, өсімдік және мал шаруашылығы саласын меңгереді. «Бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырамыз», - дейді жауаптылар.

Алмагүл Оспанова, СҚО Білім басқармасының бас маманы:

- Білім саласында да бұл – маңызды бағыт. Енді осы агросыныптар арқылы әрі қарай енді дамытамыз ғой. Тағы да сыныптар ашамыз деп жатырмыз. Техникалық жабдықтар ол енді біздің мынау серіктестер, агроқұрылымдар солар көмектеседі. Тауар өндірушілер көмек жасап жатыр. Жергілікті барлығы осы сыныптарды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп жатыр.

Агросыныптарды Солтүстік Қазақстан облысынан бөлек Ақмола мен Қостанайда ашу көзделген. Жоба 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында жүзеге асып жатыр.

Авторлары: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz