Ақмола облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты жазғы дөңгелекпен жолға шыққан 744-тен астам жүргізуші кері қайтарылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Ведомство мәліметінше, 8-9 қараша күндері өңірдегі бірқатар республикалық маңызы бар автожолда көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілген. Атап айтқанда, Астана – Щучинск, Астана – Шідерті – Павлодар және Көкшетау – Атбасар бағыттарында жазғы дөңгелекпен жабдықталған көліктердің жүруіне тыйым салынды.
Сонымен қатар ауа райы мен жол жағдайына байланысты республикалық тасжолдардың жекелеген учаскелерінде жылдамдық шектеуі күшейтілді.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Тексеру барысында қысқы маусымға дайын емес көлікпен жолға шыққан 744-тен астам жүргізуші кері қайтарылған.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, бұған дейін жүргізушілерге қысқы дөңгелекке уақытылы ауысу қажеттігі бірнеше рет ескертілген. Соған қарамастан, кейбір көлік иелері ауа райының қолайсыздығын ескермей, жолға шығуын жалғастырған.
Полиция жүргізушілерді жолға шығар алдында ауа райы болжамын және автожолдардағы шектеулерді тексеруге, жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтауға шақырды.
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #ІІМ #Ақмола облысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz