Оның бесеуі аудандардағы апатты мектептерді алмастырса, облыс орталығында тағы екі жаңа білім ордасы бой көтермек. Одан бөлек шаһардағы 4 мектептің жанынан жапсарлас қосымша ғимарат салу көзделген. Қарқынды құрылыс оқу ордаларындағы орын тапшылығы мәселесін толық шеше ме?
№4 ықшам аудандағы 24-мектеп осыдан 36 жыл бұрын салыныпты. 1300 шәкіртке шақталған ғимаратта қазір 2 мың жарымнан астам бала білім алады. «Әр сыныпта 30-35 баладан отыруы оқу сапасына да кесірін тигізеді», - дейді ұстаздар. Кейбір сыныптар сыймағандықтан көрші мектепте оқуға мәжбүр.
Гүлмира Әбдірахманова, №24 мектеп директорының орынбасары:
- Екі сынып №41 мектеп-гимназиясында оқиды. Неге десең, кабинет жетіспегеніне байланысты бастауыш сыныптар бастауыш сыныптар №41 мектепте оқып жатыр. Өйткені бала саны өте көп, көріп тұрсыз. Әр сыныпта 30-33 баладан бар.
Егер 4-шағын аудандағы мектепке бала сыймай жатса, "Жұлдыз" шағын ауданының шәкірттері көрші аудандарға қатынап оқиды. Өйткені бұл жақта білім ордасы әлі салынбай келеді.
Күләш Рахимова, "Жұлдыз" шағын ауданының тұрғыны:
- Тұрғаныма 10 шақты жыл болды. Алдында екі немерем бітіріп кетті. Олар қазір студент. Мына екеуі оқып жатыр. Бастауыш сыныпқа автобустар бар. Жоғары сыныптарға автобус жоқ қой. Өздері барып, өздері келеді. Алыс. «Жұлдызда», өзімізде болғаны жақсы еді.
Мектеп тапшылығына қатысты түйінді мәселе келер жылы шешімін таппақ. 2027 жылы №24 пен 20, 2028 жылы №42 және 46 мектептерге әрқайсысына 300 орындық қосымша ғимарат салынады. "Жұлдыз" ауданында 1500 орындық мектеп құрылысы басталып кетті. Оған қосымша 800 орындық жаңа білім-инновация лицейін салу көзделген.
Әлия Қайыржанова, Орал қалалық Білім беру бөлімінің басшысы:
- Мемлекет басшысының Жолдауында әлеуметтік нысандардың құрылымын жаңарту, білім сапасын арттыру, әрбір оқушыға қолайлы жағдай ұйымдастыру жоспарланған болатын. Қазіргі таңда біздерде негізі қала бойынша орын тапшылығын есептейтін болсақ, 5 мың балаға тапшылық бар. Үш ауысымда оқитын эстетикалық гимназия мен №20 мектеп, екі мектеп.
Қанша білім ордасы салынып жатса да, облыс орталығында оқушы орны тапшылығы азайған емес. "Оның басты себебі урбанизация үрдісі", - дейді мамандар. Мәселен, осыдан он жыл бұрын Оралда оқушылар саны 42 мың болса, бүгінде ол 70 мыңға жуықтаған.
Әлия Қайыржанова, Орал қалалық Білім беру бөлімінің басшысы:
- Орал қаласының урбандалу үрдісі қарқынды жүріп жатқаны баршамызға мәлім. Соңғы 5 жылдың статистикасын алатын болсақ, әр жыл сайын бала саны 2-2,5 мың жарымға өсіп отыр. Қазіргі таңда Орал қаласында барлық аумақтарда емес, бірақ атаулы аумақтар бар, Зашаған кенті және жаңа ықшам аудандар №6, 4, 5 және 10 шағын ауданда орын тапшылығы өте жоғары.
Облыс бойынша үш ауысымда оқытатын 5, апатты жағдайдағы 5 білім ордасы бар. Келер жылы өңірде 7 білім ордасы бой көтермек. Оған қосымша облыс орталығынан оқушылар сарайы мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған орталық салу көзделген.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов
Тегтер #БҚО #мектеп #құрылыс #қарқынды құрылысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz