RU
Толық нұсқаға өту

Автокөлік жуатын орындар еліміздің су қорына қауіп төндіріп тұр

09.11.2026, 19:47 75

Елде 3 мыңнан астам көлік жуатын орын бар, деп хабарлайды 24KZ.

Соның 500-і ғана сарқынды суды қайта пайдаланады. Келер жылдың маусымынан бастап мұндай қызмет көрсету мекемелерінің иелеріне талап күшеймек. Енді олар алдағы 5 жыл ішінде кезең-кезеңімен үнемдеу технологиясын енгізуі тиіс. Бизнес үшін қосымша шығын болып көрінген мәселе ғалымдар үшін жаңа мүмкіндікке жол ашқалы тұр. Бұл қалай? 

Сәрсенбек Монтаев ұзақ жылдар бойы ғылымда көз майын тауыса еңбек етіп келеді. Ғалымның әр жобасы күнделікті тұрмыста сұранысқа ие. Мәселен, мына құрылғы жерасты суларын тұшытып, оны зиянды металдардан тазартады. Ал сүзгі есебінде сорбент заты жергілікті аумақта кездесетін табиғи шикізаттан алынған. Қазіргі таңда ғалымның бұл ізденісін шаруа қожалықтары пайдаға жаратуда. 

Сәрсенбек Монтаев, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті зерттеу институтының жетекшісі, профессор: 

- Бірінші бағытты ауыл шаруашылығының сұранысына байланысты істедік. Жергілікті шикізат - опоканың негізінде импортты алмастыратын жақсы сорбенттер технологиясын жасап шығардық. Бірінші тазалауда құрамындағы темірді тұшыту мәселесі осы жерде шешілді. Одан кейін барып келесі кезеңге көшкенде мембрана технологиясына қосылды. Сөйтіп, кәдімгі жер астынан шыққан ащы суды көптеген зиянды химиялық элементтерден тазалап, ішуге жарамды етіп, мал үшін де, адам үшін де ішуге жарамды етіп жасап шығардық.  

Су шаруашылығына жаңа технология енгізу бастамасы қазіргі таңда өзекті мәселе. Ғалымдардың пайымынша, 2050 жылға қарай елде тіршілік нәрі қат болуы кәдік. Оның алдын алу үшін Сәрсенбек Монтаев сынды ғалымдардың жобасы керек. Статистикаға сүйенсек, елімізде жыл сайын 25 млрд текше метр су тұтынылады. Соның 60 пайыздан астамы ауыл шаруашылығына тиесілі. Бұған қоса өндірістік мақсаттағы су шығыны да жылдан жылға өзекті болып барады. Әсіресе автокөлік жуатын орындар су қорына айтарлықтай қауіп төндіріп отыр. Биыл аталған салаларда заңнама талаптарын өрескел бұзудың 700-ден астам дерегі тіркелді. 

Ербол Салихбаев, ҚР СРИМ Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры:

- 2027 жылдың маусым айынан бастап 5 жыл көлемінде сондай технологияларды енгізуге міндеттеледі. Әрбір су тұтынушы су тұтынуға рұқсат қағаз алады. Сол қағазда 5 жылдыққа қандай көлемде суды қайта пайдалану көлемін көрсете отыра рұқсат берілетін болады. Жалпы 2030 жылға қарай үнемделген су көлемін 1 млрд 700 мыңға жеткізбекші ойымыз бар. 

Демек, келер жылдан бастап кәсіп иелеріне талап күшейеді. Қазір елде 3 мыңнан астам автокөлік жуатын орын тіркелген. Тек  500-ге жуығы ғана сарқынды суды қайта пайдаланады. Астанадағы бұл орталық тың технологияны алғашқылардың бірі болып енгізді. Кәсіп иесінің айтуынша, озық әдіс таза суға деген тәуелділікті төмендетіп қана қоймай, коммуналдық шығындардың да азаюына сеп болған.

Назерке Тоқжан, тілші: 

- Көлікті жуғаннан кейін су бірден кәрізге кетпейді. Алдымен мынадай бөшкеге жиналады. Кейін бірнеше сүзгіден өтіп, арнайы қоспаның көмегімен қайта өңделеді. Нәтижесінде сарқынды су 80 пайызға тазарып шығады.  

Досжан Сламбеков, көлік жуу орнының иесі: 

- Бұл технологияны осыдан 5 жыл бұрын қолданысқа енгіздік. Суды тазарту 4 кезеңнен тұрады. Алдымен су құрамындағы құм-лай секілді түрлі шөгінділер мен реагенттерден тазартамыз. Содан соң арнайы құрылғы терең өңдеу арқылы суды қайта пайдалануға жарамды етеді. Бір құрылғы бірден мәселені шешті деп айта алмаймын. Өйткені сарқынды суда жағымсыз иіс болатын. Ол үшін қосымша тағы бір сүзгі сатып алуға тура келді. Мұнда, ең бастысы, сүзгілерді уақытылы ауыстырып тұру шарт.  

Алайда көп кәсіпкерді шығын мәселесі алаңдатады. Өйткені мұндай технология арзан тұрмайды.

Бұл жабдықты толық орнатуға кәсіпкер 9 млн теңгесін жұмсаған. Ал дайын құрылғы шетелде жасалады.  Десе де, ғалым Сәрсенбек Монтаев отандық кәсіпорын иелеріне қол ұшын созуға әзір. Бастысы, сұраныс керек.

Сәрсенбек Монтаев, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті зерттеу институтының жетекшісі,  профессор:

- Көлік жуатын мекемелердің суды пайдалануы одан жеңілірек. Себебі ол техникалық су. Президентіміз үлкен тапсырма беріп жатыр. Негізі бұл ғалымдарға берілген үлкен мүмкіндік. Суды қайтып пайдалан деген заң шығарса, бізге сразу сұраныс түседі деп ойлаймын. 

Авторы Назерке Тоқжан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz