RU
Толық нұсқаға өту

Шымкенттің Бас жоспарына өзгеріс енгізіледі

09.11.2026, 21:41 50

Шымкент халқының саны алдағы 20 жылда 2 миллион 400 мың адамға жетеді деп жоспарланып отыр.

Осыған байланысты жергілікті билік Бас жоспарды қайта қарап, құжатқа тиісті өзгерістер мен түзетулер енгізбек. Яғни жаңа тұрғын үй кешендері мен мектеп, аурухана, қосымша автожолдар мен инженерлік коммуникациялардың құрылысы қарастырылып отыр. Жаңа жоба қоғамдық талқылауда таныстырылды.

Қаланың бас жоспары қоғамдық талқылауға шығарылды. Құрылыс саласының мамандары мен жобалаушы ұйым өкілдері Шымкенттің 2045 жылға дейінгі даму бағытын таныстырды. Жиында қала тұрғындары мен сарапшылар инфрақұрылым, көлік желілері және экологиялық аймақтар бойынша өз ұсыныс-пікірін білдірді.

Әзізбек Әжіметов, Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы бөлім басшысының м.а.:

- Шымкент қаласы тұрғындарының барша өтініштері, ұсыныстары, оның үстіне 2 мыңға жуық жеке және заңды тұлғалардың хаттары қаралуда. Қала өте қарқынды өсуде. Сол себепті бізге инженерлік қосымша қуаттылықтар керек. Газдандыру, инженерлік жүйелер, жаңа подстанциялар қарастыру. Соның бәрін тұрақты түрде қарап, заң аясында осының бәрін қарастыруымыз керек. 

Болжам бойынша алдағы 20 жылда қала халқының саны 2 миллион 400 мың адамға жетеді. Осыған орай тұрғын үй қорын 30 миллион шаршы метрге дейін ұлғайтып, 200-ден астам мемлекеттік мектеп пен 430 балабақша салу көзделіп отыр.

Нұрлан Архабаев, «Шымкент Бас жоспары» КММ басшысы:

- Қала кәдімгі тірі организм сияқты дейді ғой. Сол мақсатта соңғы даму барысы өте қарқынды болды. Инвесторлардың келуі, жұмыс жүргізу. Соған байланысты көптеген өзгеріс. Бұрынғы 2012 ж. бекітілген Бас жоспармен қазіргінің ауқымы 50-60% өзгеріп отыр. 

Бас құжатта әуе айлағын дамытуға басымдық берілген. Яғни Шымкент әуежайында жүк тасымалын жетілдіру үшін екінші ұшу-қону жолағы салынып, барлық тікұшақты қабылдауға қауқары артады. Сонымен қатар транзиттік көліктердің легін қала сыртына бұрып, ішкі жолдың қауіпсіздігін арттыру үшін ұзындығы 50 шақырым болатын автомобиль жолы пайда болады. Төрт жолақты жаңа магистраль Алматы-Термез трассасын Солтүстік айналма жолмен және Ташкент бағытымен байланыстырады. 

Ролан Ибрагимов, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- 2 жылда іске қосу жоспарланған. Бұл жолдың бойында ТИП парктер болады және де жол соғылған жерде бизнес те жақсы дамиды. Жаңа жанар-жағармай құю бекеттерінің құрылыстары жүргізіледі. 

Алдағы уақытта өндірістік аймақтарды кеңейту, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері де қарастырылған. Сонымен қатар мемлекет мұқтаждығына жер телімдерін алуды мүмкіндігінше азайту керектігі айтылды. Қоғамдық пікірлерге талдау жасалғаннан кейін маңызды құжат мемлекеттік сараптамаға ұсынылатын болады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Болашақта қала тұрғындарының мектеп, ауыз су, жарық және сапалы жолмен толық қамтылуы бүгінгі талдауға тікелей байланысты. Ал 2027 жылдың «ауқымды құрылыс жылы» деп жариялануы осы бағдарламалық жобаларды жүзеге асыруға тың серпін бермек. Яғни Президент Жолдауындағы «Халықтық құрылыс» бастамасы инфрақұрылымдық түйткілдерді шешуге жол ашады. 

Авторлары Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz