RU
Толық нұсқаға өту

Семейге 340 қандас қоныс аударды

10.11.2026, 08:20 46

Биыл Абай облысына шетелден 340 ағайын көшіп келді. Қазір олардың 218-і Қазақстан азаматы атанды. Елге оралған ағайынның жаңа ортаға сіңісіп, жұмысқа орналасуына мемлекет тарапынан қолдау жетерлік. Құжат рәсімдеу, баспанамен қамту және жұмысқа орналастыру мәселелері де назардан тыс қалмаған. 

Биыл тоғыз мыңға жуық қандас Қазақстан азаматтығын алған. Олар еліміздің әр өңіріне қоныстанып жатыр. Солардың 340-ы Абай облысын таңдапты. Қытайдан көшіп келген Ақжарқын Амангелді де солардың қатарында. Қазір ол Семей қаласындағы университетте білім алып жүр. Сонымен қатар қазақ әліпбиін меңгеріп, жаңа ортаға бейімделуде.

Ақжарқын Амангелді, қандас:

- Қазақ тілін жетік меңгеріп жатырмын. Жазуды үйреніп жатырмын. Біз шетел азаматы  болғандықтан, қазір көбісі жазуды білмейді. Осы жаққа келгеніме қазір бір айдан асты және осы орталықтан алфавит бойынша бәрін басынан бастап үйретіп жатыр. Ықтияр хат туралы кеңестер алдық.

Аймақтарда тарихи Отанына оралған қандастардың жаңа ортаға бейімделуіне көмектесетін арнайы кеңес беру орталықтары жұмыс істейді. Соның бірі Семей қаласында 2010 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Орталық мамандары қоныс аударушыларға мемлекеттік тілді меңгеруге, заң талаптарын түсінуге және жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі. Биыл 325 адамға қолдау көрсетілді.

Айнұр Тәбілтай, «Оралмандарды бейімдеу орталығы» ҚБ жетекшісі:

- Біз үшін қарапайым әрекеттер, электронды пошта дегеннің өзін білмегендіктен, ол кісілерде тіркеу бойынша ол бір үлкен мәселе деп түсінеді. Көп жағдайда белгісіздік, білмеу үлкен кедергі әкеледі. Соның барлығын ашып көреді.

Қазақстанда биыл қандас мәртебесін берудің жаңа тәртібі енгізілді. Енді ол бес жылға беріледі. Сонымен қатар елге көшіп келген азаматтарға баспана жалдау мен коммуналдық қызметтерді төлеуге мемлекеттен субсидия қарастырылады.

Ерсін Құдайбергенов, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және ӘБ басқармасы басшысының орынбасары

- Облыста 137 адам қандас мәртебесін алды. Мемлекет тарапынан берілетін барлық қаржылай көмек уақытында ұсынылуда. Облысқа көшіп келген қандастар арасынан 22 отбасы тұрғын үй сертификаты табысталып, тұрғын үй сатып алды.

Қоныс аударушылардың алдында жаңа ортаға бейімделу және жұмысқа орналасу міндеттері тұр. Ал өңір үшін олардың оралуы еңбек ресурстарының артуына және экономикалық дамуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Авторы: Қарлығаш Қасиетова, Мәди Базарбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz