RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбеде энергетик маман жетіспейді

10.11.2026, 08:40 58

Қазір өңірдің электронды еңбек биржасында 42 бос жұмыс орны жарияланған. Өндірісті өлкенің ірі кәсіпорындарымен қатар шалғай ауылдарға 80-ге жуық электромонтер қажет. 

Аймақтағы елді мекендерге электр жарығын жеткізуші кәсіпорында қазір 2300-ге жуық энергетик еңбек етеді. Олар қарапайым тұрмыстық желілермен қатар жоғары кернеулі станциялар мен энерготораптардың жұмысына жауапты. Кәсіпорын басшысы: «Мекемеде маман тапшы», - дейді. Әсіресе шағын ауылдарға білікті электриктер бара бермейді. Сондықтан қажет мамандарды даярлау мәселесін кәсіпорынның өзі қолға алған.

Рүстем Арыстанов, «Энергосистема» ЖШС бас директоры:

- Бізде мамандардың арасында өз мамандығының шебері конкурсы өтті. Содан жақсы өткен, нәтиже алған жұмысшыларды мекеме таңдап, мамандарымыздың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында Қытайға екі қызметкерімізді оқуға жібердік. Сонымен қатар Ресейде, Мәскеу қаласында және өзіміздің Алматы қаласында білім жетілдіру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Мемлекет Басшысы өз Жолдауында Қазақстан 2029 жылға қарай қуат көзін артығымен өндіретіндей деңгейге жету керек деді. Ел алдындағы стратегиялық міндеттің бірі деп атап өтті. Бұл орайда энергетика саласы мамандарына сұраныс жыл санап артатындығы ақиқат. Қазірдің өзінде білікті мамандардың тапшылығы Ақтөбе облысындағы көптеген өндіріс орнында байқалады.

Әсемгүл Уксумбаева, облыстық Еңбек мобильділігі орталығының бөлім жетекшісі:

- Қазіргі таңда электронды еңбек биржасында 3692 бос жұмыс орны бар. Оның ішінде энергетика саласы бойынша 23 ұйымнан 42 бос жұмыс орны жарияланды. Негізінен инженер-энергетик, инженер-технолог, электр монтаждаушылар, электриктер және тағы да басқа осы саланың мамандары қажет.

Энергетика мамандарын облыс орталығындағы өңірлік университет даярлайды. Мемлекеттік грант аясында жылына жүзге жуық мектеп түлегі электр-энергетик мамандығына оқуға түседі.

Мирас Назарбаев, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетінің оқытушысы:

- Түлектеріміз дуалды оқу арнасында білім алып жатыр. Дуалды білім дегеніміз – теориялық білім алып қана қоймай, практика жүзінде өндірістерде үйреніп жатыр. Сондықтан сол өндірістерде жұмысқа қалуға тырысады. 80 пайызға жуық студенттеріміз жұмыспен қамтамасыз етіліп тұр.

Мемлекет басшысы жаңа электр станцияларын салып, қолданыстағы нысандар мен электр желілерін жаңғыртуды шегелеп тапсырды. Сол себепті жоғары оқу ордаларының алдында нарық сұранысына сай білікті энергетиктердің жаңа буынын тәрбиелеу міндеті тұр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz