RU
Толық нұсқаға өту

Петропавлда тұрғындарға 10 сотық жер беріліп жатыр

10.11.2026, 14:00 62

Бұл жолы «Солнечный» шағын ауданынан 200-ден астам учаске беріледі. Жалпы қалада 20 мыңдай адам жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұр, деп хабарлайды 24KZ.

Кезек баяу жылжып, тұрғындар жылдар бойы күтуге мәжбүр. Сондықтан жауаптылар: «Мәселені шешудің бір жолы – жаңа аудандарды игеру», - дейді. Болашақта «Южный» деп аталатын жаңа шағын аудан бой көтереді. Инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмыстары аяқталған соң тағы 900 адам жер алады.

Ерлан Мұратбек 2022 жылы жер кезегіне тұрған. Тізімде 16 431-ші орында. Ол: «Болашақта өз үйін салып, шаруашылықпен айналыссам», - дейді. Алайда кезектің қашан келері белгісіз. Дегенмен жаңа аудандар игерілсе, ол күнге де жетерміз деп үмітін үзбейді.

Ерлан Мұратбек, қала тұрғыны:

– Жер кезегі туралы мен жолдастарымнан, достарымнан, таныстарымнан білдім. Олардың айтуы бойынша акиматқа барып, кезекке тұру керек. Бес-ақ минуттық жұмыс. Барып тез-тез кезекке тұрып алдық. Бұл халыққа негізі көп септігін тигізеді. Себебі біріншіден, тегін жер Үкімет тарапынан және де олар өздерінің жеке үйлерін салуға деген мүмкіншіліктері болады.

Қазір «Солнечный» шағын ауданында 200-ден астам жер телімі беріліп жатыр. Жер бөлумен қатар қажетті инфрақұрылыммен қамту жұмыстары да қатар жүруде. Айта кетейік, бұл ауданда екі жыл бұрынғы тасқында үйі суға кеткен отбасыларға арналып тұрғын үйлер салынған еді. Бұдан бөлек, қаладағы тағы бір жаңа ауданда тұрғын алабын қалыптастыру жоспары бар.

Аснурия Абдулла, тілші:

– Мен қаладағы «Южный» шағын ауданында тұрмын. Қазір мұнда инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба толық аяқталғаннан кейін тұрғындарға 900-ден астам жер телімін беру жоспарланған.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жаңа аумақтарды игеру жер кезегін азайтуға мүмкіндік береді. Әйтпесе, тұрғындар 10 сотық жерін жылдар бойы күтіп отыр. 2024 жылы небәрі 83, ал былтыр 46 тұрғын ғана учаске алған. Жалпы қалада 20 мыңнан астам азамат кезекте тұр.

Бердімұрат Баймұқан, Петропавл қалалық әкімдігі ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Жер учаскесін алу кезінде жер учаскесін алу кезегінде тұрған азаматтар қажетті құжаттарды алу және құжаттарды рәсімдеу бойынша көмек алу үшін Петропавл қаласы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне жүгіну қажет.

Еліміздің әрбір азаматы жеке тұрғын үй салу үшін мемлекеттен 10 сотық жерді тегін алуға құқылы. Бұл мүмкіндік тек 1 рет беріледі. Алайда жер телімін алған азамат белгіленген мерзімде құрылыс жұмыстарын бастауы тиіс. Әйтпесе, жер мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін.

Авторлары: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz