RU
Толық нұсқаға өту

Жылу беру маусымы: 93 мыңнан астам үй ерекше бақылауға алынды

10.11.2026, 14:44 49

Жылу беру маусымы басталғалы тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы Қайыржан Ақшайықов «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.

Жылу беру маусымында өрт қауіпсіздігін сақтау мәселесі өзекті. Биыл елімізде жылыту кезеңінде тіркелген өрт оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға азайған. Дегенмен, өрттің 55 пайыздан астамы тұрғын үйлерде болады. Мамандардың айтуынша, бұған көбіне электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау, пештердің ақауы және мұржалардың уақытылы тазаланбауы себеп. 

Өрт қауіпсіздігі ережесіне сәйкес, жылыту маусымы басталар алдында пештердің мұржалары міндетті түрде тазаланып, кейін де кезең-кезеңімен тазартылып тұруы керек. Осы талаптың сақталмауы салдарынан кейбір үйлерде улы газбен улану жағдайлары тіркеліп жатады, - деді Қайыржан Ақшайықов.

Төтенше жағдайлар министрлігі жылыту маусымына дайындықты тамыз айынан бастаған. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тұрғын үйлерде профилактикалық рейдтер мен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әсіресе әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың тұрмыстық қауіпсіздігіне басымдық берілген. 

Қазір 93 мыңнан астам үй ерекше бақылауда. Әлеуметтік осал топтардың үйлері толық тексеріліп, 258 мыңнан астам адамға өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқаулық берілген. Сонымен қатар пештер мен электр жабдықтарын жөндеу жұмыстары жүргізіліп, улы газды анықтайтын 13 мыңнан астам датчик орнатылған.

Қазіргі таңда үйлерде улы газды анықтайтын датчиктер орнатылып жатыр. Оларды енгізе бастағаннан бері 68 рет іске қосылғаны тіркелді. Соның арқасында 259 адамды қатты уланудан аман алып қалуға мүмкіндік болды. Датчиктер өз тиімділігін көрсетіп отыр, - деді Қайыржан Ақшайықов.

Өрттің алдын алу жұмыстары енді цифрлық форматқа көшірілмек. Осы мақсатта «Тұмар 112» мобильді қосымшасы әзірленіп, қазір Абай облысында тестілік режимде жұмыс істеп жатыр. Жүйе тұрғын үйлердің жағдайын фото және геолокация арқылы тіркеуге, ондағы тұрғындар санын анықтауға және қауіпсіздік талаптарының орындалуын бақылауға мүмкіндік береді. Ал төтенше жағдай туындаса, өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенше үйдің жай-күйі мен ықтимал қауіптер туралы алдын ала ақпарат ала алады. Сынақ нәтижесі тиімді болса, қосымшаны өзге өңірлерде де енгізу жоспарланған.

Тұрғын үй секторларын аралау барысында үйдің жай-күйін фото арқылы геолокациямен тіркеп, тұрғындар санын белгілейміз. Сондай-ақ анықталған бұзушылықтардың жойылуын қадағалауға мүмкіндік бар. Өрт болған жағдайда өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері сол үйде қанша адам тұратынын және қандай қауіпсіздік талаптары бұзылғанын алдын ала біле алады, - деді Қайыржан Ақшайықов.

Бұдан бөлек, ел аумағында «Өрт қауіпсіздігі» айлығы мен «Ата-анаңның үйін тексер» акциясы ұйымдастырылып жатыр. Оған қоғам қайраткерлері, блогерлер мен өнер адамдары да атсалысуда. Мамандар тұрғындарға пеш мұржаларын тұрақты тазалап, электр сымдарының жарамдылығын тексеруге және улы газ датчиктерін орнатуға кеңес береді. Өйткені қарапайым сақтық шаралары адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz